Министрлік былтырғы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық тауар өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттарды міндетті түрде жасасуын қамтамасыз ету бойынша жұмыс бастады.
Үш ірі оператордан және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобынан бөлек, жылына 100 млн теңгеден астам сомаға тауар сатып алатын 60 жер қойнауын пайдаланушы іріктелді.
Аталған жер қойнауын пайдаланушылардың тауар сатып алуларына талдау жүргізілді. Қазақстандық тауар өндірушілердің үлесін арттыру және ұзақ мерзімді шарттар жасасу әлеуетін түсіндіру, сондай-ақ тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібіндегі қазақстандық өндірушілерге басымдық беру талаптарын жеткізу бойынша олардың барлығымен кездесулер өткізілді.
— Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша бүгінгі күні жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан ұзақ мерзімді шарттарға жалпы сомасы 36,5 млрд теңгеге шамамен 236 тауар позициясы айқындалды (47 жер қойнауын пайдаланушы). 2025 жылдың 9 айында 30 жер қойнауын пайдаланушы 105 тауар позициясы бойынша жалпы сомасы 22,1 млрд теңгеге ұзақ мерзімді шарттар жасасты. Оған бұрандалы сораптар, құбырлар, сорапты-компрессорлық құбырлар, сорап штангалары, фонтандау арматурасы, химиялық өнімдер, құбырлық сораптар, арнайы киім, арнайы аяқ киім, қолғап, матрац, ауыз су, шүберек және тағы басқалары кіреді, — делінген ақпаратта.
Алдыңғы жылдармен салыстырғанда, жеке жер қойнауын пайдаланушылар Энергетика министрлігінің үйлестіруі мен қолдауының арқасында отандық зауыттармен ұзақ мерзімді шарттар көлемін едәуір ұлғайтты.
Энергетика министрлігінің бұл бағыттағы жұмысы жалғасын табады.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбедегі жер қойнауын пайдаланушылар ең үздік қолжетімді техникаларды енгізуге құлықсыз екендігі туралы жаздық.