Бас хатшы Instagram-дағы парақшасында әлем біріншілігінен қандай ой түйгенін айтты.
— Бүгін Токиода жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан жеңіл атлетика федерациясына жақында тағайындалған Бас хатшысы ретінде бұл біріншілік біраз нәрсені бағамдауға мүмкіндік бергенін айтқым келеді. Әлемдік жеңіл атлетиканың деңгейіне қарап, әрі қарай не істеу керектігін және қалай жылжу қажеттігін нақты айқындайтын сәт келді. Қазақстандық спортшылар жеңіл атлетиканың техникалық түрлерінде нәтиже көрсетуге қабілетті, бірақ басқа бағдарламаларды да назардан тыс қалдырмаған жөн, — деді ол.
Оның айтуынша, қазақстандық спортшылар әлем чемпионатында өз әлеуеті жеткенше тырысып бақты. Сондай-ақ, атлеттер қазіргі таңдағы дайындық деңгейінің қандай екенін көрсетті.
Келбет Нұрғазина еліміздегі жеңіл атлетика спортының даму жағдайына тоқталды.
— Жеңіл атлетика — ең көп медаль тарататын әрі бұқаралық спорт түрі саналады, десе де, біздің мәселенің тамыры тереңде жатыр. Ең алдымен, аймақтардағы жеңіл атлетиканың дамуына мән беру қажет. Себебі, резервті біз жан-жақтан аламыз. Осы орайда, еліміздің батысында — Атырау, БҚО, Маңғыстау және Ақтөбе өңірлеріндегі жағдайдың қиын екенін атап өту керек. Бірді-екілі спортшыларды есепке алмасақ, аталған аймақтарда жеңіл атлетика мүлдем жоқ деуге болады, — дейді бас хатшы.
Жеңіл атлетика федерациясының басшысы кадр тапшылығы өзекті мәселе екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, кезінде Олимпиада чемпиондарын дайындаған білікті әрі сауатты бапкерлердің басым бөлігі қазір зейнет демалысында. Өкінішке қарай, білігі мол жаттықтырушылардың ізін басатын мамандар жоқ, жүйелі түрде маман дайындау мәселесі сол күйі шешілмеген.
— Сол себепті, ел аймақтарындағы жас әрі талантты мамандарды қолдау, олардың жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына қатысуына мүмкіндік жасау, білікті мамандармен тәжірибе алмасып, заманауи әдістерді үйренуіне жол ашу — біздің басты міндетіміз. Мұны реттемейінше, біз резерв тапшылығын жоя алмаймыз, ірі жеңістерге қол жеткізе алмаймыз, — деді ол.
Келбет Нұрғазина жеңіл атлетика спортын мектептен бастап қолға алу керек екенін айтты.
— Қосанов турниріне арналған баспасөз мәслихатында мен еліміздің батыс аймақтарындағы жеңіл атлетиканы дамыту мәселесін көтердім. Бүгінде Ақтөбе облыстық спорт басқармасы осы бағытта жұмыс істеуге дайын екенін көрсетті. Осы орайда, жеңіл атлетиканы дамытуға өзге өңірлердің де мүдделі болғаны аса маңызды. Себебі, бұл спорттың бастауы балалық шақта — мектептегі дене шынықтыру сабақтарында жатыр, — дейді бас хатшы.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының өкілі Нора Джеруто Жапонияның Токио қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының финалында бақ сынап, алтыншы орыннан көрінді.