Бүгінгі сот отырысында ақшасын төлеп, бірақ ұмраға бара алмаған жәбірленушілерге сөз берілді.
Жамал Жақсылықова 2025 жылдың наурызында Instagram жарнамасы арқылы екі адамға арналған турды 1,1 млн теңгеге сатып алғанын айтты. Қаражат «MM Travel» компаниясының шотына аударылған. Оның айтуынша, компания тарихи орындарға экскурсияны және қолжетімді бағаны уәде еткен және ақша ресми шотқа түскендіктен, олар хабарландыруға сенген.
– Бұған дейін біз әлеуметтік желілер арқылы ұмраға жолдама алып, Меккеге сәтті барғанбыз. Сондықтан бұл жолы да жарнамаға сендік. Ол кезде ұйымдастырушылар бірден келісімшарт берген. Бірақ «MM Travel» компаниясы келісімшартты жібермеді. «Алматыға келген соң қол қоямыз» деп уәде етті, алайда олай болған жоқ, – деді жәбірленуші.
Жоспар бойынша жәбірленуші 6 сәуірде жолға шығу керек болған. Алайда кейін сапар болмайтыны белгілі болды. 12 сәуірде жәбірленушілер полицияға және прокуратураға жүгінген.
Сотта тағы бір жәбірленуші 2025 жылдың қаңтарында отбасымен бірге ұмраға баруды жоспарлағанын айтты.
– 19 қаңтарда мен «MM Travel» компаниясына тур жөнінде жазғанмын, бірақ кейін күте тұруды жөн көрдім. Алайда менеджерлер өздері маған белсенді түрде жаза бастады. 11 ақпанда мен белгіленген жерге доллармен бардым. Онда компанияның менеджерлері Амина мен Дананы, олардың гиді Абдуль-Азизді және айыпталушы Ақтоты Дүйсееваны кездестірдім. Біз онымен екіжақты келісімшартқа қол қойдық, бірақ оған мөр басылмады. Мен жеті адамға арналған сапардың ақшасын төледім. Бірақ сол күні кешке мөрі басылған келісімшартты жіберді. 5 наурызда маған Сариев қоңырау шалып, біз ешқайда ұшпайтынымызды, бар кінә менеджерлерде екенін айтты. Сол кезде біз Меккеде жүрген басқа қажылардың далада қалғанын – оларға қонақүй броньдалмағанын білдік, – деді Айгүл Қалтаева.
Оның айтуынша, төленген сомадан тек бір адамға арналған 550 мың теңге қайтарылған, ал қалған алты адамға төленген 3,3 млн теңге өтелмеген. Сапардың болмайтыны белгілі болғанда жәбірленушілер бас қосқан.
– Бізге Ақтоты Дүйсеева Астанада деді, бірақ полицияға хабарласамыз деген сәтте ол небәрі 15 минутта келіп жетті. Ол қолхат жазып, ауқатты туыстары барын, олардың көмегімен ақшаны қайтаратынын айтып, бір сағаттан соң ақша әкелемін деп уәде берді. Алайда біз түнге дейін күттік, сөйтіп алданғанымызды түсіндік, – деді жәбірленуші.
Тағы бір жәбірленуші Зарина Нұрғазиноваға Ілияс Сариевтің өзі хабарласып, ақшасын қайтарамын деп сендірген. Ал Ақтоты Дүйсеева полиция ғимаратында отырып қолхат жазған. Сондай-ақ жәбірленуші соттан қолхаттар мен айыпталушылармен кездесуде жасалған бейнежазбаларды іске тіркеуді сұрады.
Бүгінгі отырыста сегіз жәбірленуші куәлік берді. Олар «MM Travel» компаниясынан құны 550 мыңнан 4 миллион теңгеге дейінгі турларды сатып алған.
Бұған дейін сотта мемлекеттік айыптаушы қылмыстық іс бойынша айыптау актісін оқыды.
Ілияс Сәриев сотта кінәсін ішінара мойындады.
Еске салайық, сәуір айында «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев алаяқтық жасады деген күдікке ілініп, ұсталғанын жазғанбыз. Ол өзін бірнеше рет «қазақтың Робин Гуды» деп атаған және әлеуметтік желідегі парақшаларында музыкант, концерт пен той ұйымдастырушы екені көрсетілген.