Әлем чемпионының жеңісі туралы Айдос Сұлтанғалидің ата-анасы Сұлтанғали Кеулімжаев пен Апиза Самилова ішкі толқынысымен бөлісті.
— Қазір қандай сезімде екенімізді сөзбен айтып жеткізу қиын. Қалың елім — қазағым қалай уайымдаса, біз де солай тақымымызды қысып отырдық. Алладан дұға жасап, күні-түні тіледік. Сол тілектерді Алла қабыл етіп, баламыз жеңіске жетті, — дейді әкесі Сұлтанғали Кеулімжаев Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында берген онлайн сұхбатында.
Әкенің айтуынша, Айдос бұл жеңіске оңай жеткен жоқ. Бұған дейін халықаралық додалардан қола жүлделер алып жүрген.
— Мен ұлымның жеңіске жететініне сендім. Қазір барынша шынығып, тәжірибе жинаған кезеңі ғой. Десе де, барған балуандардың бәрі — «сен тұр, мен атайындар». Жүректің түкпірінде күдік те болды, алайда үміт пен сенім қатар тұрды. Ұлымды әр сапарға әуежайға дейін ақ батамен шығарып саламын. Ал үйге келген соң, күн-түні тілеуін тілеймін, — дейді ол.
Ал Апиза Самилова да баласының жекпе-жектерін назардан тыс қалдырмаған.
— Күресін көрдім, бірақ тәжік баламен шыққан жекпе-жегін көре алмадым. Ол бұған дейін бір жеңіп, бір жеңілген қарсыласы еді. Өте мықты бала екенін білемін. Сондықтан дұға етіп, келесі бөлмеде жүрдім. Ал финалды 6 минут көреміз деп күткенбіз, бірақ бәрі қас-қағым сәтте шешіліп кетті, — дейді анасы.
Ол кез келген ата-анаға сабыр мен төзім керектігін, әсіресе спорт жолын таңдаған балаға қолдау аса маңызды екенін жеткізді.
— Біз бұл баланы кішкентайынан спортқа арнап қойдық. Артық дүниемен миын ауыртпаймыз. Артық хабарласпаймыз да. Бала уақытылы демалуы керек, — дейді Апиза Самилова.
Айдос Сұлтанғали спортқа 2-сыныптан бастап қатыса бастапты.
— Қызылордада Ғабидин есімді жаттықтырушысы бар еді. Кейін Петропавлға бір жарысқа барды. Сол кезде сондағы бапкерлер Айдостың бойындағы талантты бірден байқап, мектептеріне шақырыпты. Ғабидин ағай мені шақырып алып: «Аға, үш ай ойланыңыз, баланы сол жақтағы мектеп-интернатқа бересіз бе?» деді. Мен еш ойланбастан бірден келісім бердім. Өйткені мен баламды сол додаға арнап отырған адаммын. Интернатта Сералы, Мейрам деген бапкерлері болды. Айдос ол жақта үлкен тәжірибе жинады. Ол тек жеке жетістікке жетіп қана қоймай, бүкіл Петропавлдың намысын қорғап, Қазақстан бойынша өңірді бірінші орынға шығарды, — дейді чемпионның әкесі.
Сұлтанғали Кеулімжаев баласын ешқашан үй тірлігіне жұмсамайтынын, тек спортқа толық ден қоюға жағдай жасағанын жеткізді.
— Балам кейде көмектескісі келіп тұрады. Бірақ мен: «Бұл тіршілік бітпейді, сен тек алған бетіңнен қайтпа. Жеңіске жетуге тырыс» деп арқасынан қағып қоямын. Анасы да солай дейді, — дейді ол.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиды құттықтады.