— Жаһанда тұрақсыздық белең алған кезеңде Әділетті Қазақстан құруды көздеген жаңғыру саясатын батыл жүргізіп жатырмыз. Соңғы үш жылда біздің аймақта бұрын-соңды болмаған саяси және экономикалық реформалар жасалды. Жалпыұлттық референдум арқылы Президентті жеті жылға бір мерзімге сайлайтын норма енгізілді. Бұл демократия қағидаттарына сай есептілікті күшейтеді. Біз «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» формуласын ұстанамыз, — деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстанды жаңғырту ұстанымын басшылыққа ала отырып, елімізде бір палаталы Парламент құру мәселесін жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсынғанын айтты.
Ондағы мақсат — саяси жүйенің қоғам сұранысына сай ашықтығы мен тиімділігін арттырып, оны ұдайы жетілдіру. Бұл реформалардың басты қағидасы: заң және тәртіп бәрінен жоғары тұруы керек.
— Біз парасаттылыққа және заң үстемдігіне арқа сүйейтін басқару жүйесі ғана қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді деп санаймыз. Бұл халықаралық инвестицияларға, сауда байланысына және елдің қарқынды дамуына оңтайлы жағдай жасайды. Заңды мүлтіксіз сақтайтын азаматтардың мүддесін қорғау — әділеттілікке, есеп беруге және өзара құрметке негізделген басты басымдықтарымыздың бірі, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 80-сессиясының Жалпы дебаттың ашылуына қатысып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдері басшыларының ішінде бірінші болып сөз сөйледі. Жиынға барлығы 97 мемлекет басшысы қатысып отыр.
Президент АҚШ сапары аясында 20-дан астам кездесу өткізді.