Ішкі нарықты толықтыру үшін 15 мамырдан бастап тірі малды әкетуге тыйым салынды, ет әкетуді ветеринарлық бақылауды күшейту және сиыр етін экспорттау квотасын тек ет өңдеуші кәсіпорындарға белгілеу ұсыныстары қолдау тапты.
– Сиыр еті бойынша фермерлерден сауда желілеріне ет жеткізуді қамтамасыз ету үшін сауда желілерімен келісім жасалды. Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін қажетті көлемді Ауыл шаруашылығы министрлігі қамтамасыз етеді, – деді Сауда министрі А. Шаққалиев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Бұдан бөлек, еліміздің барлық өңірінде шаруаларға тегін сауда орындарын беру арқылы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіліп жатыр.
– Биыл жыл басынан бері елде 3 700 жәрмеңке ұйымдастырылды. Тек өткен демалыс күндері ел бойынша 57 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, онда 236 тоннадан астам сиыр еті сатылды. Оған қоса, ішкі және электрондық сауда субъектілерімен бірлесіп, тауар өндірушілермен тікелей келісімшарт жасау арқылы 1 айға «БЕРЕКЕ-FEST» акциясын іске қосамыз, – деді министр.
Айта кетейік, Сауда министрлігі баға тұрақтылығын бақылауды күшейтпек.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр етінің бағасы қалай есептелетінін түсіндірген еді.