Көзі қырағы қыран құсты қолына қондырып, аңға салуды жаны сүйетін жандардың басын қосып келе жатқан «Шығыс салбурыны» фестивалі биыл да жалғасын таппақ. Оған әдеттегідей әлемнің әр түкпірінен бүркітшілер келеді деп күтіліп отыр.
– «Шығыс салбурыны — 2025» фестивалі 9-11 қазан аралығында Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылының маңындағы «Бүркіт төбе» алаңында ұйымдастырылады. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден бүркітшілер қатысады. Олар жыртқыш құстардың күшін, шеберлігін және сұлулығын көрсетіп, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық дәстүрлерді кеңінен насихаттамақ, — деп хабарлады Ұлан ауданы әкімдігінен.
Айта кетейік, былтыр бүркітшілер додасына 90-нан астам құсбегі қатысып, 5000-нан астам адам келген.
Еске салсақ, осыған дейін бүркітші қыз Түркістанда мұражай ашып, жастарды құсбегілік өнерге баулып жүргені жайлы жазғанбыз.