Облыста кене шаққан науқастарға салатын иммуноглобулин жоқ. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, бұл мәселе жаз ортасынан бері өзекті.
— Наурыз айында өңірге 23 850 мл кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин жеткізілген. Алайда күннің ерте жылып кетуі мен кенеден зардап шеккендердің көбеюіне байланысты бұл көлем жеткіліксіз болып қалды. Осындай тапшылық тек бізде ғана емес, бүкіл ел бойынша байқалып отыр, — дейді басқарма басшысының орынбасары Мадина Мырзабекова.
Денсаулық сақтау басқармасы препарат жеткізушіге ресми хат жолдаған.
— Ол жақтан қазір келісімшарт жасалып, қосымша екпелер сатып алынып жатыр деген жауап келді. Сондай-ақ бізде уақытша көрші өңірлерден қажетті мөлшерде препарат алу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Осы айдың соңына дейін мәселе шешімін табуы тиіс, — дейді М.Мырзабекова.
Еске салсақ, биыл Қызылорда облысында кенеге қарсы күреске 243,6 млн теңге бөлінгені хабарланған.