Форум екі елдің жетекші талдау орталықтарының, мемлекеттік институттарының, ғылыми қауымдастықтарының және дипломатиялық орта өкілдерін жинап, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылауға және өзара әрекеттестіктің стратегиялық бағыттарын айқындауға арналған маңызды алаңға айналды.

Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының (ҚҚҒА) президенті Гао Сян Форумға қатысушыларға жолдаған жазба хатында «талдау орталықтары – инновациялардың инкубаторы әрі саясат қалыптастыру зертханасы, екіжақты қатынастардың тұрақты дамуына ықпал ететін басты фактор» екенін атап өтті.
ҚҚҒА президенті сондай-ақ Қытай мен Қазақстанның талдау орталықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, диалогты ілгерілетуге, сенім орнатуға және бірлескен дамуға бағытталған бастамаларды ұсынды.

Форумның ашылуында сөз сөйлеген ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Қазақстанның инновациялық экономикаға өтуі мәселесінде Қытай тәжірибесінің практикалық құндылығын ерекше атап өтті.
– Бүгінде Қытай жаңартылатын энергия көздері, робототехника және жасанды интеллект салаларында жетекші орын алып, инновациялық экономикаға сәтті трансформация үлгісін көрсетуде. Технологиялық жаңғырту мен өнімділікті арттыруды көздейтін Қазақстан үшін осы тәжірибеге сүйену өте маңызды. Біз цифрлық шешімдер мен инвестиция шешуші рөл атқаратын жаңа қосылған құны жоғары салалар құруға ұмтыламыз. Осы тұрғыда Қытаймен стратегиялық серіктестік бірлескен дамуға, экономикалық тұрақтылықты нығайтуға және нарықтарымызды әртараптандыруға мүмкіндіктер ашады,– деп атап өтті ҚСЗИ директоры.
ҚҚҒА РШЕОАИ директоры Сунь Чжуанчжи өз сөзінде Қытайдың халықаралық құқықты нығайту және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жаһандық бастамаларын Қазақстанның қолдауын ерекше атап өтті.

– Қазақстан Қытаймен визасыз режимге қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Қазақстан 2025 жылды Қазақстандағы Қытай туризмі жылы деп жариялады. Қазақстан Конфуций институттарының саны бойынша Орталық Азия аймағында көшбасшы. Жастардың қытай мәдениетіне, тіліне деген қызығушылығының артуы, жастар алмасуы, медиа мен сараптамалық орталықтар арасындағы ынтымақтастық болашақ ұрпаққа осы дәстүрді жеткізіп, достықтың берік негізін қалыптастырады, — деп сенім білдірді ҚҚҒА РШЕОАИ директоры.
Форум аясында саяси сенім мен дипломатиялық қарым-қатынастан бастап цифрлық трансформацияның, жасанды интеллектінің болашағы мен сауда-инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетудің келешегіне дейінгі ауқымды мәселелерді қамтыған үш тақырыптық сессия өтті.

Қазақстан мен Қытайдың талдау орталықтарының форумы екі ел сарапшылары арасындағы нәтижелі диалогтың жалғасы бола отырып, серіктестіктің негізін нығайтуға, жаһандық өзгерістер жағдайында ортақ шешімдерді әзірлеуге ықпал етті. Қазақстан мен Қытайдың талдау орталықтарының алғашқы форумы өткен жылдың қарашасында Бейжіңде өткен болатын.
Айта кетейік, ҚСЗИ сарапшылары Алматыда саяси реформалар нәтижелерін талқылады.