22 қыркүйекте Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата бюросының отырысында депутаттар бүгінгі отырысының күн тәртібін белгілеген еді. Соған сәйкес сенаторлар «2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарайды.
Айта кетерлігі, бұл заңды Мәжіліс осы жылдың маусым айында қабылдаған болатын. Сол кезде құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2023 жылғы 25 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында мемлекеттердің басшылары сыртқы электрондық сауданы реттеу бөлігінде Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойғанын атап өтті. Оның мәліметінше, аталған хаттамада келесідей өзгерістер қарастырылған:
- халықаралық пошта арқылы шет елдік интернет-платформалардан үшінші елдерден жеке тұлғалардың атына жіберілетін тауарларды бөлек санатқа – электрондық сауда тауарларына бөлу;
- «электрондық сауда операторы» ұғымын енгізу;
- электрондық сауда декларациясы деген жаңа түрдегі кеден декларациясын енгізу.

— Қазіргі таңда шет елдік интернет-платформалардан сатып алынатын тауарлар жеке пайдалануға арналған тауарлар санатына жатады. Сонымен бірге, еркін кіргізу нормасынан асқан жағдайда декларацияланады. Осыған байланысты, аталған тауарлар ресми статистикаға енгізілмейді, себебі сауда айналымына жатпайды. Электрондық сауда тауарларының барлық көлемін декларациялау шет елдік интернет-платформалардан сатып алынатын тауарлар туралы толық статистиканы құруға мүмкіндік береді, — деген еді Серік Жұманғарин.
Естеріңізге сала кетсек, мұның алдындағы Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады.
Заңның мақсаты — инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру және жаңа технологиялар енгізу мен Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасау. Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметіне қарағанда, осы құжат 2 Кодекске және 10 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Astana Hub халықаралық технологиялық паркі мен «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорын Astana Hub дербес кластерлік қорына біріктіру аясында ұғымдық аппаратты сәйкестікке келтіру, сондай-ақ Қордың функцияларын және инновациялық қызметті қолдау құралдарын оңтайландыру бөлігінде және басқа да түзетулер енгізілді.

— Заң еліміздегі инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін және мемлекеттік статистиканы одан әрі жетілдіру мақсатымен әзірленген. Түзетулер аясында бірыңғай инновациялық кластер құру көзделіп отыр. Осыған байланысты «Astana Hub» пен «Инновациялық технологиялар паркі» кластерлік қорын біріктіру және олардың қатысушылары үшін бірыңғай құқықтық орта құру қарастырылды. Құжатта инновациялық қызметті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға қажетті өзге де шаралар қамтылған. Заңның қабылдануы отандық инновациялық саланың дамуына және ел экономикасының ілгерілеуіне тың серпін береді деп сенеміз, – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Күн тәртібіне шығарылған мәселелер қаралып болғаннан кейін сенаторлар Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айтылған бастамаларды іске асыруға арналған депутаттық сауалдарын жолдады. Атап айтқанда, Жанболат Жөргенбаев өңірлерде қайта өңдеу кәсіпорындарының жетіспеушілігіне және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерінің тиімділігін жетілдіруге қатысты мәселелерге назар аударды. Осыған орай ол бұл проблемаларды шешуге арналған бірқатар нақты шараны атап өтті. Ал Бибігүл Аққожина Үкіметке «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламаларына қатысушылардың жалақысын көтеруді ұсынды. Сенатор бұл бағытта инфляция мөлшерін және тұрғылықты жеріне байланысты ең төменгі күнкөріс деңгейін ескеру қажет екенін айтты.