Абай облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Абай-Шәкәрім көшелерінің қиылысында манипулятор бағдаршамның жасыл белгісіне өтіп бара жатып, бортынан шығып кеткен кранмен жолаушылар автобусына соққан. Автобустың ішінде 20 шақты адам болған.

Жол апаты салдарынан автобус жүргізушісі мен екі жолаушы зардап шекті. Олар ауруханаға жеткізіліп, медициналық тексеруден кейін үйлеріне қайтарылды.

— Жүк көлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Оның көлігі арнайы тұраққа жеткізілді, — деп хабарлады Абай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицейлердің айтуынша, оқиға орнындағы жұмыс барысында патрульдік полиция бригадалары көлік кептелістерінің пайда болуына жол бермей, қозғалысты бақылауды қамтамасыз еткен.

Айта кетейік, жыл басынан бері алты айда елімізде 15 698 жол-көлік апаты болған.