19–31 тамыз аралығында 2 118 адам арасында қоғамдық пікірге сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде респонденттердің 87% Палестина мемлекетін ешқандай шартсыз мойындауға қарсы екенін білдірген. Қолдаушылар 13% ғана. Билік басындағы Лейбористік партия жақтастары арасында бұл шешімді қолдағандар 11% болса, оппозициялық Консервативтік партия (6%) мен оңшыл-популистік Reform UK партиясы (8%) арасында қолдау деңгейі одан да төмен.
Сауалнама қорытындысына сәйкес, оған қатысқандардың 51%-ы ХАМАС қозғалысы билік басында тұрғанда Палестинаны мойындауға болмайды. Ал 40%-ы Палестинаны мойындау үшін ХАМАС-тың атысты тоқтатуы және израильдік тұтқындарды босатуы шарт болуы тиіс деп есептейді. Сонымен қатар, 17% респондент Палестина мемлекетін мойындауға мүлдем қарсы.
BBC корпорациясы мен Sky News телеарнасының хабарлауынша, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер 21 қыркүйекте Палестинаның мемлекеттілігін мойындайтынын жариялайды. Бұл шешімге сын айтушылардың пікірінше, мұндай қадам Лондонның Израильге де, ХАМАС-қа да ықпал ету мүмкіндігін шектейді.
10 Даунинг-стриттегі премьер-министр кеңсесі 29 шілдеде, егер Израиль Газа секторына гуманитарлық көмектің жеткізілуіне кедергі келтіруін және анклавтағы әскери операциясын тоқтатпаса, БҰҰ Бас Ассамблеясының қыркүйектегі сессиясы басталғанға дейін Палестинаны мойындайтынын ескерткен. Газадағы әскери қимылдардың күшеюіне байланысты кейін Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігі де қыркүйекте Палестинаны тануға ниетті екенін растады.
БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі апталығы аясындағы жалпы саяси пікірталастар 23–27 қыркүйек аралығында, сондай-ақ 29 қыркүйекте өтеді.
Осыған дейін БҰҰ конференциясында 10 мемлекет Палестинаны мойындағалы отырғаны туралы жаздық.