Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, қаражат Йеменді дамыту және қалпына келтіру бағдарламасы аясында бөлінеді және елдің экономикалық дамуын қолдауға бағытталады. Жалпы көмек сомасы 1,38 млрд риялдан (шамамен 368 млн доллар) асады.
Мәлімдемеде бұл қаражатты бөлу туралы шешім король Салман ибн Абдулазиздің бұйрығымен және мұрагер ханзада Мұхаммед ибн Салманның ұсынысы бойынша, Йемендегі ауыр экономикалық жағдайды ескере отырып қабылданғаны айтылған.
Көмек президент әл-Алимидің өтініші бойынша көрсетіліп, Сауд Арабиясының Йемен үкіметіне көрсететін қолдауының бір бөлігі болады. Қаражат денсаулық сақтау, мемлекеттік бюджет және мұнай саласына бағытталады.
2014 жылдың қыркүйегінен бастап Йеменнің астанасы Сана және бірнеше аймақты Иран қолдайтын хуситтер бақылауда ұстап отыр. 2015 жылдың наурызынан бастап Сауд Арабиясы басшылық ететін коалиция Йемен үкіметіне хуситтерге қарсы күресте көмектесіп келеді.
Йемен — әлемдегі ең кедей елдердің бірі, онда он жылдан астам азаматтық соғыс салдарынан үлкен гуманитарлық дағдарыс болып жатыр. БҰҰ мәліметі бойынша, 30 миллиондық халықтың 22 миллионнан астамы гуманитарлық көмек пен қорғанысқа мұқтаж. Таза су тапшылығы, аштық және дәрі-дәрмек жетіспеушілігі аурулардың, оның ішінде холера эпидемиясының таралуына ықпал етеді.
Еске салсақ, тамыздың аяғында Израильдің әскери ұшақтары Йемен астанасы Сана қаласындағы үкіметтік және әскери нысандарға бірқатар әуе соққысын жасады.
Кейіннен йемендік хуситтер үкімет басшысының қаза болғанын растады.
Израильдің Йеменге соққысынан қаза болғандар саны 46-ға жеткені белгілі болды.