Өңірде жылу маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі дайындық деңгейі туралы ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан мәлім етті.
— Жылу көздері мен негізгі нысандардың дайындығы 90%-дан асты. Ең жоғары көрсеткіш Согра жылу электр орталығында — 97,2% және Риддер ЖЭО-да — 93%. Өскеменде дайындық деңгейі — 86,2%. Жалпы өңірдегі ЖЭО-лардың әзірлігі 89,8%-ды құрайды. Сонымен қатар 537 шақырым электр желісі, 39 қосалқы станса және 55 трансформаторлық пунктке күрделі жөндеу жүргізілді, — делінген ақпаратта.
Орталықтандырылған қазандықтардың 94%-ы әзір. Ұлан, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандарында бұл жұмыстардың қарқыны баяулау.
— Бюджеттік мекемелердің қыс кезіне дайындығы 98,7%-ды құрайды. Мектептер мен колледждерде дайындық толық аяқталған. Денсаулық сақтау нысандарында бұл көрсеткіш — 97%, әлеуметтік қорғау саласында — 83%, тұрғын үйлер 96%-ға дайын. Өскеменде — 100, Риддерде — 12, Глубокое ауданында — 2 үйдің дайындығы өз мәресіне жетпеген, — делінген хабарламада.
Еске салсақ, Премьер министр Риддер, Кентау, Екібастұз энергия көздерін ерекше бақылауға алу қажеттігін айтқан болатын.