Өзбекстан мен Қазақстан өзара келісімдердің орындалу тетіктерін талқылады – ӨзА

Ташкент қаласында Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Бобур Усманов пен Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұловтың қатысуымен екіжақты кездесу өтті. Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.
Хабарламада айтылғандай, кездесу барысында тараптар Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету жолдарын, сондай-ақ екі ел басшылары деңгейінде қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысын жан-жақты талқылады. Бұл келісімдер өзара сауда-экономикалық, көлік-логистика, мәдени-гуманитарлық және аймақтық қауіпсіздік бағыттарында кең ауқымды ынтымақтастықты көздейді.
Тараптар елдер арасындағы достық, тату көршілік және көпжақты өзара қолдау рухында құрылып келе жатқан серіктестікті одан әрі нығайтудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Осы орайда, жоғары деңгейдегі сапарлар нәтижесінде қалыптасқан өзара түсіністік пен сенім – өзара ынтымақтастықтың сенімді негізі екені айтылды.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Өзбекстан алтын өндіруден әлемдік үздік ондыққа кірді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Аталған басылымның мәліметінше, 2024 жылы дүниежүзі бойынша алтын өндіру көлемі 3600 тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда небәрі 0,5 пайызға ғана жоғары. Өсім қарқыны аса жоғары болмаса да, алтынға деген сұраныс өнеркәсіп пен қаржы нарығында тұрақты түрде жоғары деңгейде тұр.
Дерекке сәйкес, алтын өндірісінде Қытай дәстүрлі түрде көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарды Ресей мен Аустралия иеленген. Ал алғашқы бестікті Канада мен АҚШ түйіндейді. Сол қатарда Өзбекстан да әлемнің ең ірі он алтын өндіруші елінің қатарына енген.
Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы $30 млрд асты – «Халық газеті»

ҚХР Бас кеден басқармасы мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7 пайызға өсіп, 30,68 млрд АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды «Халық газеті» басылымы.
Қытайлық БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, есепті кезеңде Қытайдың Қазақстанға экспорты 6,9 пайызға өсіп, 19,4 млрд долларды құрады.
Ал Қазақстаннан Қытайға импорт көлемі 3,9 пайызға артып, 11,28 млрд долларға жеткен. 2024 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 43,82 млрд долларды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 6,8 пайызға өскен болатын.
Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «Қытайдың алғашқы ұлттық стандартқа сай интеллектуалды қалалық пойызы іске қосылды» деген ақпарат жарық көрді.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, 18 қыркүйекте Циндао қаласында Қытайдың ұлттық стандартқа сай алғашқы интеллектуалды қалалық пойызы жолға шықты.
Жаңа үлгідегі қатынас көлігі — жылдамдығы сағатына 200 шақырым жүретін D типті муниципалды пойыз. Ол — серияланған Қытайдың стандартты интеллектуалды муниципалды пойыз платформасындағы өнімдер сериясының бірі. Көлік цифрлық интеллект технологиясын барлық өлшемге біріктіреді және GoA4 деңгейіндегі толық автоматты жүргізу технологиясын қолданады.
Трактор зауыты Иран мен аймақтық ауыл шаруашылығының қозғаушы күші — ParsToday

Табризде жасалған тракторлар Иранның ұлттық өндірісі мен өнеркәсіптік өзін-өзі қамтамасыз ету символдарының бірі болып табылады, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі.
Ирандық БАҚ-тың дерегінше, Табризде орналасқан Иран трактор өндірісі компаниясы Батыс Азия аймағындағы ең ірі және тәжірибелі ауылшаруашылық техникасын өндірушілердің бірі. Ол өз қызметін 1968 жылы бастады және елдегі ауыл шаруашылығын механикаландыруды дамытуда маңызды рөл атқарды.
ParsToday агенттігінің хабарлауынша, бұл компания шығарған тракторлар Иранда ғана емес, аймақтың көптеген елдерінде де қолданылады.
Ирандық трактор зауытының бірнеше түрлі ерекшелігі бар. Атап айтқанда, өнімдер мен модельдердің әртүрлілігі, өзін-өзі және жергілікті қамтамасыз ету ету, сондай-ақ әртүрлі елдерге экспорттау секілді ерекшеліктері бар. Сонымен қатар осы аптада ParsToday-де ««Роболегал»; Иранның алғашқы робот заңгері» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Иранның бір топ сот қызметкерлері мен заңгерлерінің қатысуымен «Robolegal» деп аталатын Иранның алғашқы робот-адвокатының тұсауы кесілді. Оның дизайнерлерінің пікірінше, бастапқыда халыққа заңгерлік кеңес беру үшін пайдалануға болатын технология еді.
Дүйсенбі күні кешке Парсиан Эстеглал қонақүйінде бір топ ирандық сот қайраткерлері мен заңгерлерінің қатысуымен ирандық инновациялар мен технология белсенділері Мәһди Исмаили мен Мұхаммад Вахеди әзірлеген «Robolegal» атты Иранның алғашқы робот заңгері таныстырылған.
ParsToday ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Robolegal дизайнерлерінің бірі Мәһди Исмаилидің пікірінше, бұл жүйе Иранның құқықтық мәселелеріне негізделген жасанды интеллект арқылы қайта оқытылды, сондықтан құқықтық сұрақтарға нақты жауап беру мүмкіндігі бар.
«Түйе бақтым, түмендеп табыс таптым» — CNR

«Түйе бақтым, түмендеп табыс таптым». Осы аптада Қытайдың Орталық халық радиосы ақпараттық порталында осындай тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, Қытайда Шығыс меруерті аталған әсем қала Шанхайдан туған ауылы Боғда тауының баурайына қайтып келген Нұрқанат Қаулейұлы Шанхай шет тілдер университетінің түлегі. Нән қаладан көрген-түйгені мол жігіт ЖОО-дан кейінгі бағытын ата кәсібі болған түйе бағуға бұрып, жаңаша шаруашылық құру идеясымен дәстүрлі түйе бағуда тың жол ашып, осы кәсіпке өзгеше өзгерістер әкелді.
Ол ауылы Фукаң қаласында Қаулей түйе бағу алаңын (орталығын) ашып, дәстүрлі бағу үлгісіне жаңалық енгізіп, ғылыми жолмен түйе сүтінің сапасын жоғарылатқан. Түйе сүті, түйе еті сынды өнімдерді өзінің маркасымен базарға салды. Сол арқылы ерекше бағымшылық пен саяхатты ұштастырып, түйе шаруашылығын дамытты. Сондай-ақ көптеген ауылдастарын жұмыспен қамтып, ауылды көркейтуге үлесін қосты.
Түркия Түркістанда өткен турнирде алтын және қола медаль алды — TRT

Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында алғаш рет ескек есу спортынан «Халықаралық Түркістан кубогы – 2025» турнирі өтті.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, турнирде қарсыластармен ғана емес, желмен де күрескен Түркия ұлттық құрамасының қыздар командасы алтын медаль мен кубокты жеңіп алса, ерлер спорт маусымын Халықаралық Түркістан турнирімен бастады.
Бұл жарыста түрік спортшылар Ресей, Әзербайжан, Қазақстан, Мажарстан және Өзбекстанның ескек есу спортының ең үздік шеберлерімен Халықаралық Түркістан кубогы үшін бақ сынасқан.
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өткен турнирде қыздар командасы алтын медаль мен Халықаралық Түркістан кубогын, ал ерлер командасы қола медаль мен кіші кубокты қанжығасына байлады.
Сондай-ақ осы аптада «TRT»-да «Алматыда Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай конференция өтті» деген тақырыптағы ақпарат жарық көргенін айта кетуіміз керек.

Еске сала кетейік, конференцияда ортақ түркі әліпбиімен жарық көрген Абайдың «Қара сөздерімен» бірге Түркі академиясының өзге де басылымдары таныстырылған болатын.
Алматыда ұлы ақын әрі ойшыл Абайдың туғанына 180 жыл толуына орай «Ұлы ақын Абайдың мұрасы және Түркі әлеміндегі рухани сабақтастық» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Маңызды іс-шараны Түркі академиясы мен Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырған.
Конференцияда Түркі академиясының Абайдың мерейтойына арнаған жаңа басылымдары таныстырылды. Бағдарламада 1954 жылы Бакуде кирилл әліпбиімен жарық көргеннен кейін қайта басылмаған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының латын әліпбиімен жазылған әзербайжан тіліндегі жаңа басылымы, ортақ түркі әліпбиімен жарық көрген Абайдың «Қара сөздері», сондай-ақ белгілі зерттеуші Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың мұрагерлері» атты еңбегінің түрік тіліндегі аудармасы көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Түркі академиясының президенті, профессор Шахин Мұстафаев конференцияда Абайдың тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі өркениетінің ортақ құндылығы екенін атап өткен.
Домбыра жасау өнері – үш ұрпаққа жалғасып келеді — Орталық халық радиосы
2025 жылы Шыңжаң өлкесінің құрылғандығының 70 жылдығы . 70 жылдан бері Шыңжаңның экономикалық және қоғамдық істері алға ілгерлеп, Қытай мәдениетінің маңызды бір бөлігі болған әр ұлттың материалдық емес мәдени мұраларын қорғау қызметі де дамып келеді.
Сол материалдық емес мәдени мұралардың жалғасуына өзіндік үлесін қосушылардың бірі Тарбағатай аймағының Толы ауданындағы домбыра жасау өнерінің шебері атанған Минұр Әминұлы, деп жазады қытайлық Орталық халық радиосы ақпараттық порталы.
Аталған басылымның мәліметінше, Минұр Әминұлының әкесі де домбыра шертетін күйші сондай-ақ шебер болған. Қолөнерді әкесінен үйренген шебер домбыра жасаудың қыр-сыры туралы өзіндік ойларымен бөліседі.
Оның айтуынша, домбыраға әбден кепкен материялы жақсы ағашты пайдаланса, дыбысы жақсы шығады. Кез келген шебер бірден көп дрмбыра жасай алмайды, сондықтан бірден, екіден қолмен жасалған домбырада кемшілік бола бермеуге тиіс. Шебердің ойынша, домбырада адамды өзіне баурайтын ерекше қасиет бар. Ол басында жалпы шеберлікпен айналысып бастағанмен, кейіннен тек домбыра жасауға бет бұрған. Минұр Әминұлының аталған кәсіппен айналысқалы жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Ол осы ұзақ жылдық домбыра жасаумен айналысқан уақыттағы бұдан 49 жыл бұрын жасаған ең сәтті шыққан бір домбырасы туралы айтады.
Шебер алғаш домбыра жасап жүрген кезінде өзінің жерлесі Толы ауданының тумасы Қизат Сейтқазыұлы деген композитор кісіге бір домбыра жасап береді. Сазгердің ол кезде күй шығарып жүрген кезі екен. Сол домбырамен көптеген күйлер шығарады, Қ.Сейтқазыұлы шеберге қатты риза болады. Аталған домбыраны 1976 жылы жасап берген. Содан бері ұзақ уақыт өтсе де домбыраның үнінде ешқандай өзгерістер болмағандықтан композитордың баласы әлі күнге дейін шертіп жүрген көрінеді.
Қазіргі уақытта қарт шебер Минұр Әминұлының баласы Айқын да атадан келе жатқан әке жолын жалғастырып, 15 жасынан бері домбыра жасаумен айналысып келеді екен. Ол өзінің домбыра жасаумен айналысуын бірінші әке жолын қуу болса, екіншісі материалдық емес мәдени мұраны жалғастыру, қорғау екенін айтады.