Форумды Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Чжэн Цзяньбан салтанатты түрде ашты. Сондай-ақ ҚКП провинциялық комитетінің хатшысы Ван Ниң, ҚКП ОК насихат бөлімі жетекшісінің орынбасары Ван Ган, «Жэньминь Жибао» газетінің президенті Юй Шаолян және басқа да жетекшілер құттықтау сөз сөйледі.
Форум барысында «Бір белдеу, бір жол» бастамасының халықаралық ынтымақтастықты тереңдетудегі рөлі талқыланды. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің жақында ШЫҰ+ саммитінде сөйлеген сөзінде әділдік, теңдік және тұрақты дамуға бағытталған жаһандық басқарудың жаңа тәсілдерін ұсынғаны ерекше атап өтілді.

Іс-шараның өзекті тақырыптарының бірі көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту болды. ҚХР Көлік вице-министрі Ли Ян Транскаспий халықаралық көлік бағытының Қытай-Еуропа бағытындағы тасымалдауды кеңейтудегі ерекше рөлін, өткен жылғы шілдеде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің ТХКБ бойымен автомобиль және теміржол қатынасын іске қосуының маңыздылығын атап өтті.
Форумға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан сияқты 87 елден, халықаралық және аймақтық ұйымдардан 200-ден астам шетелдік өкіл қатысып жатыр. Шара жұмысына барлығы 165 БАҚ және мамандандырылған мекеме жұмылдырылған.

Форум аясында ашылу салтанаты, пленарлық отырыс, «Бір белдеу, бір жол» елдері арасындағы БАҚ ынтымақтастығы бойынша диалог, тақырыптық секциялық пікірталас, «Жібек жолы» коммуникациясы саласында екінші халықаралық сыйлықты табыстау рәсімі өтті. АСЕАН елдері мен «10+3» форматындағы (Қытай, Жапония, Корея Республикасы) БАҚ ынтымақтастығына ерекше назар аударылды.
Шараны «Жэньминь жибао» газеті, ҚКП Юньнань провинциясы комитеті және Юньнань провинциясы Халық үкіметі ұйымдастырды. Биылғы форумның басты тақырыбы – «Өркениеттердің өзара баюына ықпал ететін БАҚ-тың ортақ жауапкершілігі».
Бұған дейін Қазақстанда еларалық БАҚ-ты дамытуға арналған «Орталық Азия – Қытай» медиафорумы ұйымдастырылғанын жазған болатынбыз. Шарада Орталық Азия елдері мен Қытай елі медиа саласы мамандары бас қосып, пікір алмасуға мүмкіндік алған.