Кеңесте Камчыбек Ташиев биылғы 20 қаңтардан бастап күшіне енген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға қарамастан, бірқатар мемлекеттік органдарда қызметкерлердің функционалдық міндеттерін орындауына бақылаудың әлсіздігі, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған түсіндіру-профилактикалық және талдамалық жұмыстың жеткіліксіздігі, сондай-ақ «осал» учаскелерге кадр іріктеу сапасының төмендігі байқалатынын атап өтті.
Төрағаның мәліметінше, бүгінгі кеңестің негізгі тақырыбы «Чалдовар–Автожол» бақылау-өткізу пунктіндегі (БӨП) жағдай болды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аталған БӨП аймағында бақылаушы органдардың лауазымды тұлғаларының алдын ала сөз байласуы арқылы ұйымдастырылған жаңа, тұрақты жемқорлық схемасы әшкереленді.

Жемқорлық тізбегіне Мемлекеттік салық қызметі мамандары, Шекара қызметінің әскери қызметшілері, Ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекция қызметкерлері, сондай-ақ Көлік және коммуникациялар министрлігі жанындағы Өлшем-салмақтық бақылау мемлекеттік инспекциясының қызметкерлері тартылғаны анықталды.

— Тергеу деректеріне сай, БӨП аймағында салық, шекара, көлік және ауыл шаруашылығы ведомстволарының жекелеген өкілдері жергілікті делдалдармен ымыраласа отырып, ЕАЭО елдерінен тауарларды заңсыз әкелу (контрабанда) схемасын құрған. Ол үшін жалған тауар-ілеспе құжаттар пайдаланылып, әкелінетін тауарлардың нақты көлемі мен құны жекелей баю мақсатында әдейі бұрмаланған, — делінген ақпаратта.

ҰҚМК мәліметінше, аталған тұрақты жемқорлық схемасына қатысы бар бірнеше лауазымды тұлға ұсталды. Материалдар іс жүргізу тәртібімен рәсімделуде.
Айта кетейік, Қырғызстанда мемлекеттік органдардың қызметін бағалау жүйесі енгізілді.