— Мен Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында туып-өстім. № 21 орыс мектебін бітірдім. 11 жыл бойы қалада, орысша білім алдым. Шынымды айтсам, ауылда тұрамын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмейтін. Бірақ жолдасыммен мектеп бітіргеннен кейін-ақ бас қостық, сөйтіп 18 жасымда ауылға келін болып түстім, — дейді Эльмира.
Алғашқы жылдары жас келінге оңай болмаған.
— Қалада адамдардың арасында жүрген соң, айдалада көршісіз, жалғыз үй болып тұру маған қатты қиын тиді. «Қайдан ғана тұрмысқа шықтым екен, оқуымды жалғастырып жүре тұрмадым ба?» деп жылаған кездерім де болды. Бірақ уақыт бәріне үйретеді ғой. Қазір 17 жыл өтті. Қаланың ыстығын аса сағынбаймын, керісінше ауылдың тыныштығына, еркіндігіне бауыр басып кеттім. Бүгін қалаға қайта көш десе, бармас едім, — дейді ол.
Мағзомовтар отбасында күн таңғы сағат 6-дан басталады.
— Қазір 12 сиыр сауып отырмыз. Олардың барлығын ешқандай аппаратсыз, қолдан сауу оңай емес. Жолдасым да қасымда көмектеседі. Сүтті тартып, сүзбе, қаймақ, май, құрт жасаймыз. Күніміз таңнан кешке дейін осы шаруамен өтеді. Көмекші жалдаған емеспіз, бәрін өзіміз істейміз, — дейді студия қонағы.
Кейіпкеріміздің балалары қалада оқиды. Онда ата-енесі 5 немересін бағып отыр екен.
— Қала бізден бір сағаттық жерде. Балалар сабақтан босаса, ауылға келіп, жұмыстың бәріне араласады. Үлкеніміз колледжде оқиды, ал кенжеміз биыл 1-сыныпқа барды. Жазда бәрін еңбекке баулимыз, — дейді анасы.
Осыдан 3 жыл бұрын Эльмира әлеуметтік желіде ауыл өмірін бөлісуді бастапты.
— Далада жалғыз үй болған соң іш пысады. Сол үшін блог жүргізуді бастадым. Сүт өнімдерін қалай жасайтынымды түсіріп жүрдім. Бастапқыда жай ғана араласу, пікір алмасу үшін еді, кейін оқырмандар көбейіп кетті. Қазір инстаграмда 63 мыңға жуық адам бар, — дейді ол.
Блог жүргізудің кәсіпке де пайдасы тиген.
— Бұрын құрт, сүт өнімдерін тек таныс-тамырға ғана сататынбыз. Қазір өнімдерімізді пошта арқылы Қазақстанның түкпір-түкпіріне, тіпті Париж бен Англияға дейін жөнелттік. Оқырмандарымның арқасында сұраныс артып отыр, — дейді «қырдың келіні».
Эльмираның жолдасы Әсет ауыл тірлігіне де, әлеуметтік желідегі жұмысқа да белсене араласады.
— Видеоға түсуге әуесім жоқ. Көбіне Эльмира өзі түсіреді, кейде мені сыртымнан түсіріп алады. Біздің шаруашылық — отбасылық іс. Сиыр, қой, жылқы ұстаймыз. Мен етін сатамын, әйелім сүт өнімдерін сатады. Инстаграм пайда болғалы сұраныс екі есе артты, қазір үлгермей жататын кездеріміз көп, — дейді Әсет.
Ол отбасындағы басты құндылық — түсіністік пен қолдау екенін айтады.
— Бізде әйелдің жұмысы, еркектің жұмысы деп бөлінбейді. Барлығын бірге істейміз. Қай істе де келісім мен бірлік болса, отбасы берекелі болады. Эльмираның парақшасының атын да мен ойластырдым. Басында өз аты-жөнін қоймақ болды, бірақ ерекшелік керек дедім. Содан «қырдың келіні» деген атау қалыптасты, — дейді Эльмираның жолдасы.
Әсет пен Эльмираның балалары да ауыл тіршілігіне жақын көрінеді.
— Үлкен ұлым спортқа бейім, бірақ жазда міндетті түрде малдың қасында болады. Өз еркімен малды түгендеп шығады. Егер балалардың бірі осы істі жалғастырса, қуанамыз. Бірақ күштемейміз, — дейді Әсет.
Еске сала кетейік, бұған дейін қазақ тіліндегі Уикипедия мазмұнын байытуға үлес қосып жүрген 10-сынып оқушысы туралы жазған едік.