— Парк ескіріп бара жатқанын және жүк паркін жаңарту қажеттілігі бар екенін, сондай-ақ транзиттік трафиктің ұлғаюын ескере отырып, өткен ғасырдың 70-80 жылдарында шығарылған локомотив паркінің ескі серияларын жою жоспары бар, — деп жазылған жауапта.
Бұл жерде әңгіме америкалық Wabtec компаниясымен арадағы жалпы сомасы 4,2 миллиард доллар болатын келісім туралы болып отыр.
Осы келісім аясында Wabtec компаниясы 2036 жылға дейін ҚТЖ балансына жыл сайын 30 локомотив беріп отыруға міндеттелген.
— Локомотивтерді жеткізу жөніндегі 2026 жылға дейінгі қолданыстағы шартқа байланысты 300 бірлік көлемінде локомотивтерді жеткізудің жаңа шарты 2027 жылдан 2036 жылға дейінгі кезеңде жылына орта есеппен 30 бірлікке жоспарланған. Оларға «Астана Дизель Сервис» зауытында өндірілетін дизельді қозғалтқыштар орнатылады. Жаңа локомотивтерде тартқыш электр қозғалтқыштарының жаңа түрлері, генератордың жаңа түрі, дизельді үнемдейтін салқындату жүйесі қолданылады, — делінген ресми мәліметте.
ТЭ33АТ сериялы локомотивтерде ауа баптағыш, тоңазытқыш, микротолқынды пеш, био дәретхана орнатылады.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорк қаласына ресми сапары аясында АҚШ Сауда министрі Говард Латниктің қатысуымен америкалық Wabtec компаниясымен жалпы сомасы 4,2 миллиард доллар болатын келісімге қол қою рәсімі өткен еді.