Марафонға қазақстандық командалардан бөлек, Қырғызстан мен Қабарды-Балқар республикасынан қатысушылар келген.

Жарыс басталғанда ең алдымен Маңғыстау облысының командасы сөреден шықты. Ұйымдастырушылар бұған дейін топ жарып, жеңімпаз атанғандарға сондай мүмкіндік берген. Биылғы сайыс Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналып отыр. Торғай елді мекенінде этноауыл тігіліп, үлкен мереке ұйымдастырған.


Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов Торғай мен Арқалықтың арасы тауы жоқ, шөбі шүйгін болғандықтан жарыс үшін арнайы таңдалғанын айтты.

— Облыс әкімдігі жарысты жыл сайын өткізуге дайын. Егер федерация ұсынысымызға қолдау білдірсе, неге өткізбеске? Өзіміз екі команда шығардық. Әзірге жаман келе жатқан жоқ, алғашқы бестіктеміз, — деді ол.
Жалпы саны бойынша 18 команда бәсекеге түскен. Олар 500 шақырымды еңсерулері тиіс.

— Әр қашықтыққа шабатын жүйріктің бағасы қымбаттай береді. Мен тізгіндеген ат 5 млн рубль тұрады. Бірақ соған тұрарлық. Оған зор үміт артып отырмыз. Бізге тең келер қарсылас жоқ. Мұның алдындағы рекордымызды жақсартқымыз келеді, — деді Қабарды-Балқар республикасынан келген қатысушы.
Бәйгенің алғашқы күнінде Қырғызстанның 2 командасы мәреге бірінші болып жетті. Шабандоздарының айтуларынша, негізгі қарсыластары — Қабарды-Балқар мен Астана.

Екінші күні Жетісу облысының командасы 150 шақырымды 7 сағат 2 минут 57 секунд уақытымен артқа тастап, көш басына шықты. Қырғызстан 1,2, Абай облысының командасы үздік үштікті түйіндеді.

Үшінші жарыс күні басталғанда нұсқаушылар барлығына арнайы бағыттар арқылы, жолдан жаңылмай жүріп отыруға кеңес берді. Қайсысы топ жарады — кешкісін көшпелі кубокқа ие болады. Күн өткен сайын бәйге нәтижесінде өзгеріс болып жатыр. Мәселен, Абай облысынан әкелінген аттардың үшеуі ғана мәре сызығын кесті.
Еске салсақ, өткен айда Атырауда аламан бәйге өткен болатын.