Кездесу барысында өңірде жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған жобаларға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қостанай облысында газдандыру жұмыстары жалғасуда – бүгінгі таңда өңірдің газдандыру деңгейі шамамен 60%-ды құрайды. 2025 жылы төрт жобаны іске асыруға 3,1 млрд теңге қарастырылған. Бұл шамамен 5,7 мың адамды қосымша табиғи газбен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қостанай, Рудный және Арқалық қалаларында жылу және электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, өңірде жаңартылатын энергия көздерін дамыту қолға алынған. Аукциондық сауда-саттық нәтижесі бойынша жалпы қуаты 250 МВт болатын төрт жоба жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, қуаттылығы 1 ГВт болатын және энергияны жинақтау жүйесімен жабдықталған жел электр станциясын салу жобасы таңдалды. Жоба 2028 жылы іске қосылады деп жоспарланған.
Тұрғындар кездесу барысында белсенділік танытып, газ және жылумен қамту, желілерді жөндеу және өзге де маңызды мәселелер бойынша сұрақтар қойды. Вице-министр барлық сауалдарға нақты жауаптар мен түсіндірмелер берді.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт жел электр станциясы салынатыны хабарланған болатын.