Депутат Е. Смышляеваның айтуынша, реттеушілер арасындағы пікірталастарға қарамастан әзірге ешбір мемлекет адамның шығармашылық өнім жасаудағы үлесін нақты айқындайтын табысты тәжірибе қалыптастырған жоқ.
— Қазір түрлі пікірталас жүріп жатыр, егер жүйе өздігінен түпнұсқа дүние жасаса, неге ол адамның қатысуынсыз да қорғалмайды? Мұндай жағдайда авторлық құқықта жаңа нормаларды ойлап тауып, бөлек санат енгізуге тура келуі мүмкін. Шартты түрде айтқанда, осындай өнімдерге арналған «электрондық» немесе «цифрлық» құқық болады. Сол кезде жүйелердің иелері мұндай құқыққа талап қойып, оны қорғау үшін күресе алады. Сондықтан да бұл тақырып өте даулы болып тұр, — деді ол.
Депутаттың айтуынша, жасанды интеллект модельдерін оқыту кезінде әрбір автордан келісім алу талабы іс жүзінде мүмкін емес, өйткені деректер көлемі орасан зор. Мұндай схема іс жүзінде жұмыс істемейді, ал қазіргі модельдер оны әлдеқашан айналып өткен. Бұл саладағы ережелер әлі күнге дейін қайта қаралмаған.
— Тағы бір маңызды сұрақ: жүйені оқытуды авторлық құқықты бұзу деп санауға бола ма? Өйткені модель деректерді кэш секілді тек уақытша көшіреді. Ал кэш құқық бұзушылық болып саналмайды. Демек, жасанды интеллектіні оқыту да авторлық құқықты бұзу ретінде қарастырылмауы мүмкін, — деді депутат.
Е. Смышляева атап өткендей, жасанды интеллектіні оқыту процесінде деректер жаңа өнім жасау үшін пайдаланылады, бірақ бастапқы авторлық контентпен нақты байланысын анықтау мүмкін емес. Оның айтуынша, мұндай модельдер түпнұсқаны қайталамайды және онымен бәсекеге түспейді, сондықтан авторлық құқықты бұзудың классикалық тетігі бұл контексте іс жүзінде «жойылды».
Қазір жаңа реттеуші тәсілдер талқыланып жатыр, деді депутат. Соңғы жылдары Қытай, Жапония, АҚШ және тіпті авторлық құқықты қорғаудағы барынша консервативтілігімен танымал Еуропалық одақ келісім алудың тетіктерін жеңілдетуге бет бұрды.
— Қазір «автоматты келісім» нұсқасы ұсынылып жатыр: егер материал ашық қолжетімді болса және автор машинамен оқылатын тыйым белгісін қоймаса, жүйе бұл деректерді пайдалана алады, әрі бұл авторлық құқықты бұзу болып саналмайды. Біз де осындай үлгіні ұсынамыз, әйтпесе ұлттық жүйелер жеңіледі: біз өзге елдердің контентін алып, өз материалымызды қолдана алмай қаламыз, — деді ол.
Экономист Олжас Құдайбергеновтың пікірінше, реттеу тұрғысынан алдыңғы қатарлы елдер алға кетіп барады, олар шешім қабылдауда жедел әрекет етеді.
— Сондықтан негіздемелік Цифрлық кодексте мынадай норманы қарастыруға болады: егер қандай да бір тақырып Қазақстанда әлі пысықталмаса, онда ел озық тәжірибеге сүйенеді. Мұндай жағдайда бұл технологияларды қолданатын ірі IT-компаниялар қазақстандық пайдаланушылар алдында ең үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкес жауапкершілік арқалайтын болады, — деді спикер.
Тиісінше, егер ақпараттың немесе жеке деректердің таралуына қатысты сот істері қаралса, мысалы, Еуропалық комиссия Қазақстан халқының санына сай пропорционалды көлемде ірі айыппұл салады. Бұл айыппұл талап қанағаттандырылған соң Қазақстанға төленуі тиіс. Экономистің пікірінше, бұл әділ норма және ол IT-гиганттарды қазақстандық пайдаланушыларға қатысты тәртіпке шақырады.
— Сенімді юрисдикциялар ұғымы — жаңа заңнама емес. Ол бірқатар елде қолданылады. Бұл мәселені талқылауымыз керек, өйткені бұл оңай мәселе емес. Бір жағынан, ірі компанияларда деректерді қорғау міндеттемелері Қазақстанға қарағанда әлдеқайда қатаң. Екінші жағынан, Қазақстан аумағында өзге елдің құқығын қолдану прецеденті жаңашыл, бірақ даулы тәсіл саналады. Сондықтан мұнда абай болу қажет, оның артықшылықтары да, кемшіліктері де бар, — деп жауап берді Екатерина Смышляева.
Депутаттың айтуынша, ірі платформалар мұндай талаптарға жиі келіседі, өйткені олар белгілі бір мәселеде Қазақстанда еуропалық заңнамаға сәйкес жауапқа тартылуы мүмкін екенін түсінеді, есесіне ұлттық нормаларды басқа салада айналып өтуге мүмкіндік алады.
— Бұл күрделі тақырып, бірақ идеяның өзі өміршең. Менің ойымша, Цифрлық кодекспен жұмыс барысында біз осындай мәселелерді де талқылайтын боламыз, — деп атап өтті депутат.
Е. Смышляева түсіндіргендей, Қазақстанда сенімді цифрлық объектілер институты қарастырылған. Ол халықаралық юрисдикциялармен тікелей байланысты емес, алайда еліміз халықаралық компаниялармен және цифрлық шешімдермен сөзсіз әрекеттеседі. Оның айтуынша, сенім институты айқын әрі ашық жұмыс істеуі тиіс, бұл үшін ұлттық сараптаманы дамыту қажет.
— Дәл осы себепті сенімді деп тану кезінде компаниялардың немесе өнімдердің халықаралық мәртебесі де ескерілетін болады, себебі кейбір шешім бойынша жаһандық деңгейде сараптама біздің ел ішіндегі мүмкіндіктерімізден әлдеқайда жоғары. Осыған байланысты сенімді юрисдикция идеясы да өміршең болып қала береді, — деп қорытындылады Екатерина Смышляева.
Айта кетейік, биыл елімізде барлық қаражат көздері есебінен 19,2 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 176-мыңнан астам пәтер салу жоспарланған.