Бүгінде Қазақстанға 87 елдің азаматтары визасыз кіре алады, ал 30 мемлекетпен тікелей әуе рейстері ашылған. Келер жылдары Токио, Сингапур, Нью-Йорк қалаларына ұшақ қатынай бастайды.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, былтыр елімізге 15 миллионнан астам турист келген. Ал биыл жыл басынан бері 7,5 миллион шетелдік туристік мақсатта келген.

– Туризм саласына қызығушылық артқанын кәсіпкерлердің инвестиция салғанынан байқап отырмыз. Осы жартжылдықта жеке кәсіпкерлер 600 млрд теңгеге дейін қаражат салған болатын. Аталған көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 27 пайызға артып отыр. Демек, бұл жерлерде жаңа жұмыс орындары пайда болады, ол арқылы жергілікті жерге салық өсімі болады. Сондықтан туризмнің экономикаға тікелей пайдасы бар. Адамдар тек қонақ үйде тұрмайды, саяхаттайды, көлік жалдайды, тамақтанады. Одан кәсіпкерлер мол пайда табады, – дейді Туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.
Ал ҚР ҰЭМ Экономикалық зерттеулер институты өңірлер бөлінісінде ең тартымды бағыт дәстүрлі түрде Алматы қаласы екенін айтып отыр. Мұнда шетелдік туристердің 53%-ы және ішкі туристердің 21%-ы келеді. Ал ең аз турист Ұлытау облысында тіркелген. Оның үлесіне шетелдік туристердің небәрі 0,08%-ы және ішкі туристердің 0,38%-ы тиесілі. Бұл жағдай туристік өнімдерді әртараптандыру мен танымал емес бағыттарды ілгерілету қажеттігін көрсетеді.
Мамандардың айтуынша, туризм қонақ үй, көлік, тамақ, сауда, жеңіл өнеркәсіп, қаржы, коммуникация секілді отыздан астам саланың дамуына тікелей ықпал етеді. Орналасу орындарында қызмет алған келушілер саны жыл сайын артып келеді. Бұл Қазақстанның туризм саласында жағымды үрдістер қалыптастырып жатқанын дәлелдейді. Соның бірі – елдің халықаралық деңгейдегі позициясының жақсаруы.
2024 жылы Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат және туризмді дамыту индексінде 119 елдің ішінде 52-орынға көтеріліп, 2021 жылмен салыстырғанда 6 сатыға жоғарылады. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде алда келеді: Өзбекстан – 78-орында, Тәжікстан – 99-орында, Қырғызстан – 102-орында тұр.
Қазақстан туризмді дамытуда бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізіп жатыр. Алайда елдің толық туристік әлеуетін ашу үшін туристік өнімдерді әртараптандыру, көліктік қолжетімділікті жақсарту, ел брендін халықаралық деңгейде насихаттау және Орталық Азия елдерімен бірлескен туристік маршруттарды әзірлеу қажет.
Биыл жазда Мемлекет басшысы курорттық аймақтардағы инфрақұрылымды сынға алған болатын. Әсіресе Алакөл маңындағы туристік аймаққа халықтан көп шағым түскенін айтып, Үкіметке қысқа мерзімде ретке келтіруді тапсырды.

Өз кезегінде Абай облысы туристік әлеуетті бірден қолға алды. Аймақта ірі қонақүй мен санаторий құрылысы басталды. Алакөлде туристік индустриалдық аймақ құрылады. Қазірдің өзінде Әзербайжан, Қытай, Ресей инвесторлары өңір туризміне қызығушылық танытып отыр.
– Президент тапсырмалары мен сын-ескертпелерін жүзеге асыру үшін ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биылғы маусымда туристік орындарды күтіп-ұстауға 658 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде ремонт жасау, абаттандыру, жаңа пирстар орнату, құтқару вышкаларын қою, маусым бойы санитарлық күтіп-ұстауға, жолдауды жөндеуге ақша бөлінді. Ал енді инфрақұрылымдық ауқымды мәселелерге келсек, оларды бір маусымда шешу мүмкін емес. Қазір Алакөлде үш ауқымды мәселе бар – жағажайды нығайту, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны және электр мәселесі. Осы үш жоба бойынша жобалық-сметалдық құжаттама дайындалып, жыл аяғына дейін мемлекеттік сараптамадан өтеді. Келесі жылы Үкіметтен ақша бөлінген соң, бұл жұмыстар басталады, – деп түсіндірді Абай облысы туризм басқармасының басшысы Марат Қабақов.
Айта кетейік, Қазақстанда әлемдік қонақүй брендтерінің қатары кеңейтіліп жатыр. Алдағы жылдары ішінде елдің 11 өңірі мен қаласында халықаралық деңгейдегі 24 жаңа қонақүй салу жоспарланып отыр.
Димаш Құдайберген мен Қытайдың Hunan Broadcasting System бірлесе жүзеге асырып жатқан халықаралық телевизиялық жоба Қазақстанның туристік әлеуетін әлемдік аудиторияға таныстырып жатыр.
Қазақстандық Neo Nomad визасы арқылы 14 шет мемлекеттің 27 азаматы елімізде бір жыл мерзімге тұруға мүмкіндік алды.