Қаланың қайда орналасқаны маңызды
Бағаны салыстырған кезде біз концерт, спектакль, спорттық шаралар мен қазір көп сұранысқа ие Stand Up-ты таңдадық. Рейтинг жасаған кезде тек Алматы, Астана мен Шымкент сияқты ірі қалаларды алдық. Себебі дәл осы қалаларда ауқымды ойын-сауық кештері жиі ұйымдастырылады.
Мәселен алдағы үш аптада Павлодардағы Чехов атындағы драма театр мен Аймауытов атындағы театрда не болатынын қарадық. Мұндағы билет бағасы 1 200-1 500 және 1 000-2 000 теңге. Ал Иса Байзақов атындағы облыстық филарминия әртістері концерт ұсынады. Билет бағасы 2500-3000 теңге. Мұнда сырттан келіп, өнер көрсететіндер аз. Қазан айында екі команда комедиялық баттл ұсынады. Бағасы 5 000 – 10 000 теңге аралығында. Сонымен бірге Stand Up қарауға 3 000 – 18 000 теңге төлеу керек. Билетті онлайн сататын сайттардан өзге ештеңе де табылмады. Сондықтан тек ірі мегаполистерді алып, ондағы ойын-сауық кештері билетінің бағасын білдік.
Концерт
Ойын-сауық кештерінің ішінде концерт билетінің бағасы жоғары болып тұр. Бұл жерде баға әртістің атағына байланысты қойылады. Алысқа кетпей-ақ Backstreet Boys тобының Астанадағы концерт билетінің бағасы 40 000 теңгеден басталып, 200 000 теңгеге жеткенін көріп отырмыз. Қазақстандық әртістердің концертіне билет ондай қымбат емес. Алматыда алдағы апталарда «Абай әлемі» концертін тамашалауға болады. Билет бағасы – 3000 теңге. Әрі қарай билет бағасы 5000 теңге болып тұр. Егер сіз сахнаға жақын жерден таңдасаңыз, баға да өсе береді. Қазіргі кезде ең қымбат билет құны – 25 000 теңге.
Астанада қойылым, концерт аз болып шықты. Дегенмен демалыс күндері кешкілік концерт көруге баруға болады. Қазақконцерт сахнасынан Ерлан Рысқалидің «Аbai lab» жеке шығармашылық кешін тамашалауға болады. Билет бағасы 2000-3000 теңге.
Ал 24 қыркүйек күні қобыз үнін ести аласыз. Билет бағасы 2 000 – 7 000 теңге. Егер атақты әртістердің концертін алар болсақ, ән тыңдап, тынығу, өзіңе рухани кеш сыйлау үшін билетті 8 000 – 22 000 теңге аралығында сатып аласыз.
Таяу күндері Шымкентте концерт тамашалау үшін 2 000 – 3000 теңге төлейсіз. Ал қазан айында фестивальге баруға болады. Кіру билетінің құны 2000 – 1 500 теңге. Әртістердің жеке концерті де бар. Атақты әншілердің бірінің концертін тамашалау үшін 5 000 – 10 000 теңге керек. Ал «қызықты концерт» билетінің құны 5 000 теңгеден басталып, 30 000 теңгеге жетті.

Спорттық шаралар
Қазақстан қалаларында спорттық шоу шаралар жиі ұйымдастырылмайды. Әсіресе ақылы спорттық жарыстар аз. Алматыда қыркүйекте «Қайрат» ФК мен «Жеңіс» ойнайды. Мұнда билет бағасы – 1 500 теңге.
Астанада да футболдан спорттық шара ұйымдастырылады. Тек үлкен футбол емес, шағын залда өтетін кездесу. 23 қыркүйек күні Қазақстан құрамасы өз алаңында Италияны қабылдайды. Билет бағасы 1 500 теңге. Бұл аншлаг болғалы тұр.
Ал Шымкентте мұндай спорттық шараларды қарауға бар болғаны 300 теңге жеткілікті. Жасөспірімдер арасындағы УЕФА лигасында «Ордабасы» мен «Динамо Минск» командалары кездеседі. Билет қазір сатылып жатыр. Дәл осы қалада аралас жекпе-жектен турнир өтеді. Турнирді тамашалау бағасы 2 000 – 15 000 теңге.
Қазақстандықтар үшін «Қайрат» — «Реал» арасындағы ойынды стадионнан көрі қымбатқа түседі. Билет 23 қыркүйектен бастап сатылады. Билет бағасы – 30 000 – 250 000 теңге.
Stand Up
Кейінгі кезде қазақстандықтар арасында Stand Up танымал бола бастады. Елді күлдіріп, тамаша ой салатын әзілкештер арасында танымалдары да бар. Соған сай баға да көтеріліп тұр. Алматыда таяу күндері бірнеше Stand Up бағдарлама ұсынатын әзілкештерді тыңдауға болады. Күліп, тынығатындар үшін билет бағасы 5 000 теңгеден басталып, 15 000 теңгеге дейін жетті.
Алматыға қарағанда Астанада Stand Up бағдарламаға таңдау көп. Әзілкештердің көбі еліміздің астанасын таңдаған және осында шоғырланған десек те болады. Стендап шеберлері бағаны шарықтатып қоймайды. Керісінше, баға қолжетімді әрі әйелдерге, кинематографияға деп арнайы бағыттарға бөліп, қалауыңызға қарай таңдауға мүмкіндік сыйлайды. Билет бағасы 2 000 теңгеден басталып 13 000 теңгеге дейін жетті. Stand Up кештерінің бағасы шараның қай жерде өтетініне тікелей байланысты. Кейде мұндай шаралар қарапайым ғана бар ішінде өтеді. Енді ғана сахнаға шығып жүрген күлдіргішке қарағанда кәсіби әзілкештердің кешін тамашалау қымбатқа түседі. Тіпті кейде билет сатып алып та үлгермейсіз. Концерт жақындағанда аншлаг болады.
Шымкентте де Stand Up шеберлерінің концерті өтіп тұрады. Қазақстан бойынша турға шыққан әзілкештің кеші мұнда да болады. Билет бағасы – 10 000 – 20 000 теңге. Бұл қыркүйектегі шара. Келесі Stand Up кеш тек қараша айында өтеді. Ол кезде баға 5000 — 12000 теңге аралығында болады.
Театр
Елімізде театр билеттерінің бағасы өзге ойын-сауық кештеріне қарағанда төмен. Мұнда классикадан бастап қазіргі замандағы қойылымдар ұсынылады.
Алматыда таяу күндері көптеген премьера болады. Театрдағы билет құны 1000 теңгеден басталып 4 000 теңгеге дейін жетті. Мұнда да билет сахна мен көрермен арасындағы арақашықтыққа қарай өзгеріп отырады. Балаларға арналған билет бағасы төмен.
Астанада баға жоғары. Ең арзаны 1250 (балаларға арналған билет бағасы) теңге болса, ең жоғарысы 5 000 теңгеге жетті. Ал Astana Opera-да билет құны 6 000 теңгеден басталып тұр. Мұнда тек актерлардың ойынын ғана емес, музыкалық қойылымдарды да көруге болады.
Шымкентте балаларға арналған қойылым бағасы арзан. «Қызыл телпек» ертегісін тамашалауға барсаңыз, билет құны 700 теңге. Ал ересектерге арналған билет құны – 3000 теңге.
Еске салсақ, өткен аптада көлікке техникалық қызмет көрсету орталықтарындағы қызмет құнын салыстырдық.