Қазақстандық спортшылар мұздағы би бағдарламасында 2026 жылғы Олимпиадаға жолдамасына таласқан еді. Лицензия иелену үшін үздік төрттіктің қатарына кіруі керек еді. Өкінішке қарай отандастарымыз Датиев пен Наурызова еркін бағдарламада 134.78 ұпаймен 15-орын алды.
Олимпиадалық жолдаманы Эллисон Рид пен Саулюс Амбрулевичюс (Литва) — 198.73, Холли Харрис/Джейсон Чан (Аустралия) — 183.50, София Валь/Асаф Казимов (Испания) — 170.32 және Шиюэ Ван/Синьюй Лю (Қытай) — 168.83 ұпаймен иеленді.
Сондай-ақ қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Диас Жиренбаев та Бейжіңде өтіп жатқан іріктеу турнирінде Олимпиада жолдамасыннан тыс қалды.
Ерлер арасында өткен жекелей сайыста Диас жалпы есепте 189.14 ұпай жинап, 14-орынға тұрақтады. 2026 жылғы Олимпиадаға бес үздік спортшы ғана жолдама алды.
Еске сала кетейік, бұған дейін мәнерлеп сырғанаушы Диас Жиренбаев қысқа бағдарламада сынға түскенін жазған едік.