— Соңғы айларда болған қайғылы оқиғалар түнгі клубтар, бар, ойын-сауық орындарының қызметінде әлі де жоғары деңгейдегі қауіптің сақталып отырғанын көрсетті. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларының өзінде ел бойынша «102» жедел арнасына ойын-сауық орындарындағы құқық бұзу деректеріне қатысты 45 992 шағым түскен… Көптеген айыппұл мен әкімшілік хаттамаларға қарамастан, заң бұзу жалғасып жатыр. Әлеуметтік желілерде бұл саладағы «көлеңкелі экономиканың» көріністері — заңсыз алкоголь сату, салықтан жалтару, жекелеген орындарға «қамқоршылық» жасау фактілері кеңінен талқыланып отыр, — деді Бибігүл Жексенбай Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.
Оның айтуынша, түнгі клубтардағы негізгі проблемаларға лицензиялауды бақылаудың жеткіліксіздігі, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті жүйелі түрде бұзу, сондай-ақ клуб иелеріне қарсы қолданыстағы санкциялардың тиімсіздігі жатады.
Сонымен қатар сенатор түнгі клубтар мен ойын-сауық орындарының жұмысын реттеудің халықаралық тәжірибесіне назар аударды. Германияда клубтардың қызметіне лицензия жыл сайын жаңартылып отырады және қауіпсіздік талаптары бұзылған жағдайда ол бірден қайтарылып алынады. Сингапурда клубтардағы бейнебақылау полицияға онлайн-режимде беріледі, ал шу мен тәртіпсіздікке жол берген орындар ұзақ мерзімге жабылады.
— Заңнамалық нормативтік толықтырулар арқылы түнгі клубтар мен барларды лицензиялау талаптарын қайта қарау, міндетті қауіпсіздік стандарттарын енгізу, мекеме иелерінің келушілердің өмірі мен денсаулығына жеке жауапкершілігін бекіту, жұмыс уақыты мен алкоголь сатуды бақылауға алу керек. Түнгі клубтар мен барлардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін құрылып, тексерулер мен анықталған заң бұзу деректері туралы ақпарат ашық болуы тиіс. Аталған нысандардың қызметін әкімдік, ІІМ, ТЖМ және салық органдары тарапынан ведомствоаралық бақылауды күшейтіп, мониторингтің цифрлық технологияларын енгізу керек, — деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада түнгі клубтарда азот тотығын пайдаланушылар ұсталды.