Заңның басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балалар сапалы білім алу үшін медициналық, білім беру және әлеуметтік қызметтерге тең әрі үздіксіз қолжетімділікті қамтамасыз ету.
– Заңның қабылдануы кешенді көмекке мұқтаж балалар үшін келісілген, атаулы және тұрақты қолдау жүйесін құруға мүмкіндік береді. Құжат Қазақстанға 2024 жылы БҰҰ-ның Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитеті берген ұсынымдарын іске асыру мақсатында әзірленді, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім департаментінің директоры Бұлбұл Елеусінова.
Қазіргі таңда Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 235 мың бала бар. Бұл бағытта 508 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді.
Оның ішінде:
– 110 ПМПК,
– 230 КППК,
– 99 арнайы мектеп,
– 45 арнайы балабақша,
– 13 оңалту орталығы,
– 11 аутизм орталығы бар.
Инклюзивті білім беруді кеңейту үшін әрбір білім беру ұйымында психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтері ашылды. Қазіргі таңда 29 мыңнан астам маман көмек көрсетіп отыр, мыңнан аса инклюзия кабинеті жұмыс істейді. Жалпы, балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту деңгейі 85%-ды құрайды.
Айта кетейік, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін инклюзивті оқу-әдістемелік құралдар тізбегі бекітіледі.