Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен Әлішер Мұқажан Ақпарат комитеті төрағасы қызметіне тағайындалды.
Әлішер Қуатұлы 1992 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясын, Тұран университетін бітірген.
Еңбек жолын 2015 жылы жеке құрылымдарда бастады.
2017 жылдың қаңтар-маусым айларында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының аға сарапшысының міндетін атқарушы;
2017–2018 жылдары — ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі баспасөз қызметінің сарапшысы.
2019–2023 жылдары — ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ-пен өзара іс-қимыл департаментінің сарапшысы, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (кейіннен Мәдениет және ақпарат министрлігі) БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаменті директорының орынбасары болды.
Манарбек Бұхарбаев Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің Ақтөбе облысы бойынша Қазынашылық департаментінің басшысы болып тағайындалды.
Манарбек Мусинұлы Бұхарбаев 1998 жылы Ақмола қаржы-экономикалық колледжін, 2003 жылы Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын 1998 жылы ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті Ақтөбе облыстық қазынашылық басқармасында жетекші маман-жүргізуші қазынашы қызметінен бастаған.
Әр жылдары түрлі лауазымдарда еңбек еткен. Ақтөбе облысы бойынша Қазынашылық департаменті басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Кейін Маңғыстау облысы бойынша Қазынашылық департаментінің басшысы қызметін атқарды.
Мемлекеттік қызметтегі еңбегі еленіп, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне — 25 жыл» мерекелік медалімен, «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісімен, сондай-ақ «ҚР Қаржы министрлігіне — 100 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.
Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы болып Мөлдір Тәуіпбаева тағайындалды.
Мөлдір Сұлтанбекқызы 1978 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясында «Халықаралық экономикалық қатынастар», Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде «Құқықтану», Алматы менеджмент университетінде «Іскерлік әкімшілік» мамандықтары бойынша білім алған.
«Болашақ» бағдарламасының түлегі. Америка Құрама Штаттары Оңтүстік Калифорния университетінің «Халықаралық мемлекеттік саясат және басқару» магистрі. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1999 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің зерттеушісі болып бастаған. Әр жылдары Қызылорда инженерлік-экономикалық институтында ассистент, оқытушы, «Дабл Холдинг.Инк» корпорациясының сатып алу және есепке алу координаторы, Қазақ гуманитарлық заң колледжінің оқытушысы, қалалық мәдени-демалыс паркінің директоры, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары болды. Қызылорда қаласы әкімі аппаратында түрлі басшылық лауазымдар атқарған.
Эльдар Данияров енді Абай облысы Полиция департаментіне жетекшілік етеді.
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков Абай облысы Полиция департаментінің жаңа бастығын таныстырды.
Бұл қызметке бұған дейін Астана қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болған полиция полковнигі Эльдар Нұрланұлы Данияров тағайындалды.
Бауыржан Мұратұлы «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС бас директоры қызметін атқаратын болды.
Компания ұжымына жаңа басшыны «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тасымалдау және логистика департаментінің директоры Ерболат Меңдібаев таныстырды.
Бауыржан Мұратұлы 1986 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген.
2008 жылы Бундесвер Әскери-теңіз академиясын штурман қызметі (кеме жүргізу) мамандығы бойынша, 2017 жылы Ө.Жолдасбеков атындағы Экономика және құқық академиясын заңтану мамандығы бойынша және 2018 жылы Бундесвер Бас штабының академиясын бітімгершілік контингенттерді басқару мамандығы бойынша бітірген.
2025 жылы Алматы менеджмент университетін тәмамдап, іскерлік әкімшілендіру магистрі дәрежесіне ие болды.
Еңбек жолын ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері Әскери-теңіз базасының (бұдан әрі — ҚР ҚК ӘТК ӘТБ) әртекті кемелерінің жекелеген дивизионының штурмандық жауынгерлік бөлімінің командирі болып бастаған.
Әр жылдары ҚР ҚК ӘТК ӘТБ штабының жедел бөлімшесінің аға офицері, штабты жұмылдыру және жасақтау бөлімшесінің бастығы, «Қазақстан» зымыран-артиллериялық кемесінің командирі, ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық саясат департаментінің аға офицері, ҚР ҚК ӘТК ӘТБ әртекті кемелерінің жекелеген дивизионының командирі, ҚР ҚК ӘТК әскери-теңіз базасының командирі — бас қолбасшының орынбасары, «FSSA» ЖШС теңіз логистикасы жөніндегі менеджері қызметтерін атқарды.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уәкіл болып Бақыт Жайлаубаева тағайындалды.
Бақыт Жайлаубаева СҚО Есіл ауданы Қарағай ауылының тумасы.
Петропавл медицина училищесінің түлегі. Сондай-ақ М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін «Педагог-психолог» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын облыстық туберкулезге қарсы диспансерде учаскелік медбике болып бастады. Әр жылдары Петропавлдағы психоневрологиялық сырқаттарға арналған үй-интернатта, Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету орталығында медбике болып жұмыс істеді.
2019 жылдан бері Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету орталығында әлеуметтік жұмыс бойынша директордың орынбасары қызметін атқарып келеді.
Мұндай лауазым бұрын болмаған. Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл институтын құру туралы Президенттің жарлығына сәйкес тағайындалды. Өңірлік уәкіл әр айдың екінші сәрсенбісінде сағат 11:00-ден 13:00-ге дейін Петропавлдағы СҚО әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ғимаратында қабылдайды.
Әлия Бекмағамбетова Қостанай облысы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасының басшысы лауазымына ауысты.
Әлия Молдабайқызы 1979 жылы Қостанай облысында дүниеге келген.
Қостанай гуманитарлық институтын «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша, сондай-ақ А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетін «Құқық бакалавры» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Әлия Молдабайқызы 2000 жылы тарих пәнінің мұғалімі әрі оқу бөлімінің меңгерушісі қызметінен бастаған.
2009–2022 жылдар аралығында Сарыкөл аудандық әкімдігінде бірқатар басшылық лауазымда қызмет атқарды: мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, аудан әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары.
2022–2023 жылдары Қостанай облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімін басқарды.
2023 жылғы мамыр айынан 2025 жылғы қыркүйек айына дейін Сарыкөл ауданы әкімінің орынбасары лауазымында болды.
Дәурен Сәлімбаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары болды.
— Мемлекет басшысының өкімімен Дәурен Ниязбекұлы Сәлімбаев Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды, — делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ерболат Досаев жаңа қызметке тағайындалды.
— Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерболат Асқарбекұлы Досаев Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды, — делінген Ақорда таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, Ерболат Асқарбекұлы 1970 жылғы 21 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген.
Ол 1993 жылы Алматы энергетикалық институтын, сондай-ақ Мәскеудің Бауман атындағы мемлекеттік техникалық университетін бітірген. Мамандығы – электрондық техника инженері.
Еңбек жолы:
– 1993 — 1994 жж. – менеджер, «Іскер» халықаралық ғылыми-өндірістік кәсіпорны;
– 1994 ж. – директордың орынбасары, «Вега» шағын кәсіпорны;
– 1994 — 1996 жж. – директордың орынбасары, директор, «Фирма «Акцепт» ЖШС;
– 1996 — 1997 жж. – директор, бірінші вице-президент, бас директор, «Корпорация «Акцепт» ЖТАҚ;
– 1997 ж. ақпан — тамыз – басқарма төрағасының орынбасары, «Банк Тұран-Алем»;
– 1997 ж. тамыз — 1998 ж. наурыз – басқарма төрағасы, «Алматинский торгово-финансовый банк» ЖАҚ;
– 1998 ж. наурыз — шілде – ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі;
– 1998 ж. шілде — 2000 ж. ақпан – ҚР Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі;
– 1999 ж. желтоқсан — 2001 ж. шілде – ҚР Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі;
– 2000 ж. ақпан — 2001 ж. қараша – ҚР Қаржы вице-министрі;
– 2001 ж. қараша — 2002 ж. тамыз – ҚР Табиғи монополияларды реттеу, бәсекені қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы;
– 2002 ж. қыркүйек — 2003 ж. маусым – ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекені қорғау агенттігінің төрағасы;
– 2003 ж. маусым — 2004 ж. сәуір – ҚР Қаржы министрі, ЕБРР-дегі Қазақстанның басқарушысы;
– 2004 ж. сәуір — 2006 ж. қыркүйек – ҚР Денсаулық сақтау министрі;
– 2012 ж. қыркүйек — 2013 ж. қаңтар – ҚР Экономикалық даму және сауда министрі;
– 2013 ж. қаңтар — 2014 ж. тамыз – ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі;
– 2014 ж. тамыз — 2016 ж. мамыр – ҚР Ұлттық экономика министрі;
– 2016 ж. мамыр — 2017 ж. тамыз – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы;
– 2017 ж. тамыз — 2019 ж. ақпан – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары;
– 2019 ж. ақпан — 2022 ж. қаңтар – ҚР Ұлттық банк төрағасы;
– 2022 жылғы 31 қаңтардан бері – Алматы қаласының әкімі (2022 жылғы 2 желтоқсанда қайта тағайындалды).