Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов бастаған делегация жұмыс сапарымен Қытайға барды. Сапар бағдарламасында АЗОСАИ өңірлік ұйымының желісі бойынша іс-шараларға қатысу және ҚР мен ҚХР жоғары аудит органдары арасындағы ынтымақтастықты дамыту көзделген.
Сапар аясындағы басты шара — Нанкин аудит университетінде АЗОСАИ-дың жастарды жетілдіру бағдарламасын іске қосу. Бұған Қытайдың Ұлттық аудит кеңсесі бастамашы болды.

Бағдарламаның мақсаты — Азияның түрлі елдерінің жас аудиторларына тәжірибе алмасуға, білім алуға және кәсіби сын-қатерлерге бірлесе жауап іздеуге мүмкіндік беру.
Қазақстанның аудит саласындағы жас мамандары да ұйымның басқа елдерінен келген әріптестерімен бірге осы бағдарламаға қатысуда.
Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Әлихан Смайылов Бағдарламаны іске қосу болашақ аудитор мамандығына салынып жатқан маңызды инвестиция екенін атап өтті.
Оның айтуынша, жасанды интеллектінің дамуы мен цифрлық валюталардың тез қарқынмен таралуы жағдайында аудит тек өзгерістерге ілесіп қана қоймай, олардан біршама алда жүруі керек.
— Қазір машиналар цифрларды тексеріп, құжаттарды салыстыра алады, сәйкессіздіктерді адамнан да жылдам әрі дәл анықтай алады. Дәстүрлі аудит толықтай автоматтандырылатын уақыт жақын. Сондықтан жоғары аудит органдарының „бақылаушы“ рөлінен шығатын кезі келді. Туындайтын проблеманы анықтап қана қоймай, оған жол бермейтін алдын алу аудитіне көшу қажет, — деді Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы.

Әлихан Смайылов бұған қоса мемлекеттік аудиторлардың дағдыларын үнемі жетілдіріп, аудит процесінің өзіне технологиялық инновациялар енгізу қажет екенін айтты.
Қазақстан да бұл бағытта көштен қалмай келеді. Республикада аудиторларды сертификаттаудың бірыңғай жүйесі құрылған. Жоғары аудиторлық палатаның жанынан зерттеу және оқу орталығы жұмыс істейді. Азия даму банкімен, Дүниежүзілік банкпен, ACCA және CIPFA сияқты халықаралық ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнаған.

Төраға Жоғары аудиторлық палата ҚР-дағы мемлекеттік аудит жүйесінің сапасы мен тиімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Басым бағыттардың қатарында үздік әлемдік практика мен стандарттарды енгізу, жаппай цифрландыру, сондай-ақ жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдауды сияқты озық IT шешімдерді пайдалану қамтылған.
— Біз түрлі мемлекеттік органдардың 13 ақпараттық жүйесімен интеграция орнаттық және тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандырдық. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін жасалып отыр. Сонымен қатар жасанды интеллект элементтері бар цифрлық ассистент жұмыс істейді. Ол аудиторларға қажетті құқықтық база мен құжаттарды жедел табуға көмектеседі, — деді Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы.
Сөз соңында Әлихан Смайылов жас аудиторларға тілегін білдіріп, оларға кәсіби жолда табыс тіледі.