Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша «Қазсушар» РМК Оңтүстік Кореяның K-Water корпорациясымен өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.
Құжатқа «Қазсушар» РМК бас директоры Ануар Өскенбаев және K-Water вице-президенті Сонг Ен Хан қол қойды. Меморандум бірнеше бағыттағы ынтымақтастықты қамтиды. Ол су шаруашылығы нысандарын тиімді басқару мен мониторинг жүргізуді көздейді.
Жасанды интеллект арқылы су тасқыны мен қуаңшылық тәуекелдерін болжау және басқару, су ресурстарын есепке алу мен мониторингті цифрландыру жоспарланған. Сондай-ақ гидротехникалық құрылысжайлар мен суару каналдарын басқаруда геоақпараттық жүйелер мен картографиялық шешімдер қолдану көзделіп отыр.
Сонымен қатар бірлескен ғылыми және технологиялық зерттеулер жүргізіп, білікті мамандар даярлау қарастырылған. Кездесуде K-Water өкілдері өздерінің ақпараттық жүйесін таныстырды.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері мен кореялық делегация Қазақстанда «Цифрлық егіз» технологиясын қолдану мүмкіндігін талқылады. Бұл технология нақты нысанның немесе жүйенің виртуалды үлгісін құрып, сенсорлардан, жасанды интеллекттен және симуляциялардан алынған деректер негізінде оны нақты уақыт режимінде бақылауға, талдауға және басқаруға мүмкіндік береді.
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында су шаруашылығы нысандарын автоматтандыру және жаңғырту міндетін қойып, су саласында жасанды интеллектті енгізудің маңызын атап өтті. K-Water компаниясымен ынтымақтастық еліміздегі су шаруашылығын цифрландыру қарқынын жеделдетуге, озық халықаралық тәжірибені игеруге және республикада су ресурстарын тиімді пайдалану мен басқаруды арттыруға жол ашады, – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.
Айта кетейік, биыл Су ресурстары және ирригация министрлігі Жетісу облысындағы Қызылағаш су қоймасының реконструкциясын аяқтады. Нақтырақ айтқанда, су тасқыны үшін пайдаланылатын су жіберуге арналған канал нығайтылып, су қабылдайтын жаңа торап салынды.