— Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісім тараптардың аумақтарында қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе сот үкімін орындау үшін белгіленген адамдарды экстрадициялау мәселелері бойынша екі елдің құзыретті органдары арасындағы қатынастарды реттеуге бағытталған. Аталған келісім 2024 жылғы 12 желтоқсанда Рабат қаласында жасалды. Бұл келісімге сәйкес, тараптар өздерінің аумақтарында қылмыс жасағаны үшін анықталған адамдарды одан әрі қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе сот үкімін орындау үшін бір-біріне ұстап беруге міндеттенеді, — деді Жарқынбек Амантайұлы.
Оның айтуынша, келісімде адамдарды ұстап беру және одан бас тарту үшін нақты негіздер көзделеді. Ұстап беру үшін кемінде 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза немесе тараптардың заңнамасына сәйкес неғұрлым қатаң жаза көзделетін қылмыстық іс жасау негізгі шарт саналады.
— Бұл ретте сот үкімін орындау мақсатында ұстап беру, егер сұрау салу келіп түскен сәтте жазаның өтелмеген мерзімі кемінде алты айды құраған жағдайда жүзеге асырылады, — деді ол.
Депутаттың мәліметінше қос тараптың осы келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдары мыналар:
Қазақстаннан — Бас прокуратура;
Марокко Корольдігінен — Әділет министрлігі.
— Марокко Корольдігімен Қазақстан арасында түрлі саладағы қарым-қатынас жанданып келеді. Таяуда Қазақстан-Марокко іскерлік кеңесі құрылды. Ауылшаруашылық саласында сауда көлемі арта түсті. Сонымен қатар, ғылым-білім салысанда да бірақатар келісімдер жасалуда. Сондықтан, бұл келісімдер екі елдің де мүддесіне сай және зор маңызға ие болмақ, — деді Мәжіліс депутаты.
Айта кетейік, палатаның бүгінгі жалпы отырысында елден заңсыз шығарылған қаражатты қайтаруға ықпал ететін заң қабылданды.