Ведомство мәліметінше, өз мәлімдемесінде мемлекет басшылары бүкіл әлемдегі қақтығыстарда халықаралық гуманитарлық құқықтың (ХГҚ) кең ауқымда бұзылуына және оның салдарынан болып жатқан адамзаттық қасіретке алаңдаушылық білдірді.
— Олар барлық мемлекеттер мен қарулы қақтығыстардың тараптарын ХГҚ-ны, атап айтқанда, бейбіт тұрғындарды, азаматтық нысандарды, сондай-ақ медицина және гуманитарлық сала қызметкерлерін қорғауға қатысты нормаларды сақтауға шақырды. Сондай-ақ мемлекет басшылары 2026 жылы соғыс кезінде ізгілікті сақтауға арналған жоғары деңгейдегі жаһандық кездесу ұйымдастырылатынын жариялады, — делінген министрлік хабарламасында.
Сыртқы істер министрлігі атап өткендей, бұл мәлімдеме халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі Жаһандық бастаманы ілгерілету аясында жасалды.
— Бастама ХГҚ-ның неғұрлым қатаң сақталуын қамтамасыз ету бойынша практикалық ұсынымдар әзірлеуге бағытталған және 2024 жылғы 27 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы аясында бастамашы алты елдің СІМ басшылығы мен ХҚКК кездесуі барысында жарияланды. Қазіргі уақытта бастамаға 89 мемлекет ресми түрде қосылды, ал 130-дан астамы жеті тақырыптық бағыт бойынша жаһандық және өңірлік консультацияларға қатысты, — деп түйіндеді ҚР СІМ.
Бірлескен мәлімдеме әлем жұртшылығын кеңінен хабардар ету мақсатында БҰҰ-ның алты ресми тілінде, сондай-ақ қазақ және португал тілдерінде жарияланды.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан ETS компаниясының білімді тестілеу тәжірибесін зерделеуге мүдделі.