Іс-шара аясында пленарлық отырыс, алты параллель форум және 20-дан астам тақырыптық сессия мен пікірталас алаңы ұйымдастырылды.
Қатысушылар мәдени мұраны цифрландыру, ғылым мен технологияның мәдени креативтілікке қосатын үлесі, аудиовизуалды индустрияны интеграциялау, жаңа технологиялар арқылы қоғамдық мәдениеттің сапасын арттыру, желілік мәдениетті инновациялық дамыту және өркениеттік алуан түрлілікті сақтау мәселелерін талқылады.
Қазақстан атынан Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли қатысып, кітапхана жүйесіне жасанды интеллект енгізу жөніндегі ұлттық стратегия туралы баяндама жасады. Ұзақ мерзімге бағытталған баяндама шетелдік мамандар тарапынан жоғары бағаланды.

Сондай-ақ Жаңа Зеландия, Пекин университеті, Шанхай, Сингапур және басқа өңірлерден келген жетекші мамандар заманауи технологиялар мен мәдениет саласының тоғысындағы мүмкіндіктерді саралады.
Форум «Жасанды интеллект жағдайында кітапханалардың мүмкіндіктері мен сын-қатерлері» атты арнайы сессиямен қорытындыланды. Жиынға әлемнің жетекші кітапхана директорлары, белгілі ғалымдар мен технология саласының жаңашыл мамандары қатысып, жасанды интеллекттің қоғамдық мәдени мекемелерге тигізетін ықпалы мен болашағын талқылады.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық кітапхана жаңа сирек қолжазбамен толыққаны туралы жазған болатынбыз.