Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында:
«Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн», — деп атап көрсетті.
Өткен жылы Президент тапсырмасы бойынша шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма берген еді. Оған қатысты арнайы заң талқыланып, бүгінде қолданысқа енгізілді. Қазірге дейін еліміздің көптеген клубы қазына қаржысына арқа сүйеп келді. Десе де, футболдың дамуы әлі күнге дейін көңіл көншітпейді. Бір-екілі футбол академиясы жас таланттарды тәрбиелеп жатыр. Қалғаны өзге елден келген легионерлерге иек артып отыр.

Төртеу түгел болса…
Президент клубтарды жекешелендіруге қызығушылық танытқан төрт кәсіпкер жөнінде пікір білдіріп, оларға ризашылығын білдірген еді. Олардың қатарында кімдер бар? Кәсіпкерлер алдағы уақытта қандай клубтарға қолдау білдіреді? Бұл жөнінде Туризм және спорт министрлігіне сұрау салған едік.
— Қазақстандық әлеуетті инвесторлар қарауына Астананың «Жеңіс», Қарағандының «Шахтер», Қызылорданың «Қайсар» және Петропавлдың «Қызылжар» командаларының өтуі жоспарланды. Алдымен әлеуетті инвесторларға аталған клубтарды алғаннан кейін, спорттық инфрақұрылым (стадион және футбол алаңдары) дамыту, сондай-ақ академия ашуына талаптар қойылаған. Ал, жергілікті атқарушы органдарға алдағы 3-4 жылға дейін футбол клубтарына жергілікті бюджеттен қаражат бөлуді тоқтатпау ұсынылды.
Қазақстан Республикасының футболдан премьер-лигасында 14, бірінші лигасында 14 кәсіби футбол клубы ойын көрсетеді. Бұл кәсіби клубтардың өзіндік базасы жоқ. Тек қана алматылық «Қайрат» футбол клубы өзінің академиясында оқу-жаттығуын өткізе алады. Қалғаны жергілікті атқарушы органдар теңгеріміндегі стадиондарды пайдаланады. Қазіргі таңда Қазақстанда 28 негізгі стадион жұмыс істейді. Бұл ретте 14 жаңа стадион салу қажеттігі бар, қолданыстағы 11 стадион жөнделуге және қайта жаңартылуға жатады, — деп жауап берді Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев.
Қазір еліміздің өзге клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмыстар қолға алынып отыр. Бұл мақсатта министрлік Қазақстан футбол федерациясымен бірлесіп нақты жұмыстарды жүзеге асырады.
— Мемлекет басшысының талабына сәйкес Премьер-Министр Олжас Бектенов Туризм және спорт министрлігіне футбол клубтарын қазан айына дейін жекешелендіруге қатысты тапсырма берді. Осыған орай, министрлік «Қазақстан футбол федерациясы» қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен әлемдік тәжірибені ескере отырып қазақстандық профессионалды футбол клубтарын жекешелендіру бойынша кешенді жол картасының жобасын әзірледі. Ол облыстық және республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерімен келісу сатысында тұр. Жол картасында еліміздің футбол клубтарын мемлекеттік және квазимемлекеттік қараудан толық жекеге кезең-кезеңімен өтуі көзделген, — деп толықтырды Н. Есембаев.
Қысқасы, ендігі кезекте еліміздің клубтарында жаңа өзгерістер болады. Бұрынғыдай қазына қаржысына иек артпайды. Ендігі кезекте инвесторлар тарапынан қолдау жасалады. Ол командаларға материалдық-техникалық базаны жақсартуға, балалар футболын дамытуға тың серпін берері сөзсіз.
Кәсіпкерлерге қолдау керек
Белгілі спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен футбол клубтарын жекешелендіру өте орынды бастама екеніне тоқталды. Бұл мәселе көпшілік арасында ұзақ жылдан бері талқыланып келеді. Дегенмен нүктесі енді қойылатын болды. Бұл клубтардың қарқынды дамуына негіз қалайды. Мұндай үрдіс әлемнің көптеген елінде әлдеқашан өз нәтижесін берді.

— Қалталы азаматтардың отандық клубтарды қолдаймын деген ниеті кім-кімге де ұнайды. Нәтижесінде қазақстандық командалардың барлығы кәсіпкерлердің қолдауында болады. Әрине, оларды жекешелендіруге қатысты шара барысында материалдық-техникалық базаның болуы ескеріледі. Бұған қатысты проблема туындауы мүмкін. Сондықтан жергілікті билік осыған байланысты жағдай жасауы керек деп санаймын. Команданы қарауына алғысы келген адам тәуекелге бел буады. Сондықтан ондай белсенді азаматтарға жағдай жасалуы керек. Әлбетте, стадион, футбол базасы, жаттығу алаңы жергілікті әкімдіктің балансында болады. Ендігі кезекте оларды футбол клубтарына беру керек. Кәсіпкер азаматқа қаланың сыртынан ауқымды мөлшерде жер бергені артық емес. Бұл аумақта инвестор алаң, қонақ үй және өзге де орындар салуы мүмкін. Сол арқылы бизнесін дөңгелетіп, тапқан ақшасын командаға құяды. Футбол бизнесін дамыту үшін жасыл алаң сала алатын, жанында қонақ үйі, тамақтандыруға арналған кафе-ресторан салатын жер болғаны дұрыс. Негізінде футбол дегеніміз — ауқымды индустрия, — деді спорт комментаторы.
Осындай жобаларды жүзеге асыру үшін кәсіпкерге жер және өзге де қолдау қажет екені белгілі. Бұл келешекте футболды дамыту бағытында нақты істерді атқаруға жол ашады.
Таланттарды таба білейік
Ұзақ жылдан бері қазақ футболына жанкүйерлік жасап келе жатқан Есенжол Назаров мұндай тың идея Еуропа елдерінде әлдеқашан қолға алынғанын айтады. Өкініштісі, ол қазір Қазақстанда «Қайрат» және «Оңтүстік академия» базасында ғана жүзеге асып келеді.

— Кейінгі он жылда «Қайрат» академиясында қаншама шәкірт тәрбие алып шықты. Қазір Дастан Сәтпаев секілді түлегіне әлемнің беделді клубтары көз тігіп отыр. Еліміздің барлық командасында алматылық клубтың түлектері ойын көрсетіп келеді. Бұл футбол академиясын құрудың маңызы зор екенін көрсетіп отыр. Ендігі кезекте әрбір клуб талантты тасада қалдырмауға тырысады. Расы керек, қазірге дейін осындай жағдайлар ескерілмей келді. Енді қазақ футболынан үлкен серпіліс күтеміз. Әлемде футболды дамытуға байланысты жүйелі жұмыс жасап келе жатқан елдерді білеміз. Атап айтсақ, Оңтүстік Америкадағы Бразилия, Аргентина, Уругвай, Парагвай, Еуропадағы Англия, Испания, Италия, Франция, Германия, Португалия, Бельгия, Нидерланд, Сербия, Хорватия, Азиядағы Жапония мен Оңтүстік Корея бұл жөнінен алдыңғы қатардан көрініп келеді. Тіпті, көршілес өзбек елінен үйренетініміз аз емес. Онда танылған таланттар қазір әлемнің беделді клубтарында ойын көрсете бастады. Ендеше, сол қатардан біздің де көрінетін уақытымыз келді. Елдің ішінде таланттар аз емес. Тек оларды таба білуіміз тиіс, — деді Е. Назаров.
Оның айтуынша, бұл орайда футбол академиясының орны ерекше. Онда жас талантқа барлық жағдай жасалады. Олардың шеберлігін жетілдіруге, тәжірибесін арттыруға қолдау көрсетіледі.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан футбол федерациясының Еуропалық футбол қауымдастығы одағы (UEFA) құрамына енгеніне 23 жыл толуына орай ел футболында қандай өзгерістер болғанын жазған едік.