Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Мемлекет басшысының сөзінше, Wabtec компаниясымен жасалған жаңа келісім еліміздің АҚШ-пен көлік саласындағы ынтымақтастығын айтарлықтай нығайтады.
— Біз Wabtec компаниясының еліміздегі машина жасау және теміржол көлігі салаларын ілгерілетудегі негізгі рөлін жоғары бағалаймыз. Қазақстан аталған компаниямен серіктесе отырып, физикалық желілерді ғана емес, үлкен дерекқорға негізделген интеллектуалды, интеграцияланған көлік дәліздерін де құрып жатыр. Бүгін Wabtec компаниясымен 4 миллиард долларға жуық қаржының жаңа келісіміне қол қойылды. Бұл еліміздің АҚШ-пен көлік саласындағы ынтымақтастығын айтарлықтай нығайтады. Air Astana және SCAT сияқты алдыңғы қатарлы әуе компаниялары Boeing ұшақтарын пайдаланады. Азаматтық авиация паркіміздің негізі осы ұшақтардан құралған. Біз Boeing компаниясымен ынтымақтастықты кеңейтуге және таяу жылдары жаңа ұшақтар алуға ниеттіміз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының Нью-Йорк қаласына ресми сапары аясында АҚШ Сауда министрі Говард Латниктің қатысуымен америкалық Wabtec компаниясымен жалпы сомасы 4,2 миллиард доллар болатын келісімге қол қою рәсімі өтті.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанның Мемлекет басшысын тарихи келісіммен құттықтағанын жазған едік.