Әлемге әйгілі бренд Алматы облысында снэктер шығаратын зауыт құрылысына кірісті. Инвестиция көлемі — 368 миллион доллар.
— Президент жобаны іске асырудан күтілетін экономикалық пайдаға назар аударды. Компания 900-ге тарта тұрақты жұмыс орнын ашудан бөлек, қытырлаққа арналған картопты жергілікті жерде өсіруге ниетті, — делінген хабарламада.
Стивен Кихоның айтуынша, бүгінгі таңда бағдарламаға Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Алматы және Жетісу облыстарынан 15-ке жуық шаруашылық қосылған. Бұдан бөлек, шикізатты сақтау базасын кеңейтіп, картоп өнімділігі мен сапасын арттыру үшін ғылыми тәсілге жүгіну жоспарланып отыр.
PepsiCo қоры директорлар кеңесінің төрағасы Cтивен Кихоның айтуынша, келесі жылы Қазақстанда снек шығаратын ең үлкен зауыттың бірі ашылады.
– Президент мырза, қабылдағаныңыз үшін алғыс айтамын. Бүгінгі Нью-Йорктегі жұмыс күніңізді бізбен кездесуден бастағаныңызға ерекше қуаныштымыз. PepsiCo компаниясының Қазақстанға салған инвестициясы – біздің ең маңызды әрі мақтан тұтатын жобаларымыздың бірі. Бұл біздің экожүйеміздегі снэк шығаратын ең үлкен зауыт санатында болады. Біз өндірістің тезірек ашылып, толық іске қосылуын асыға күтеміз. Зауыт келесі жылы маусым айында ашылады деп үміттенеміз, — деді Cтивен Кихо.
Қасым-Жомарт Тоқаев PepsiCo компаниясының орнықты агрошаруашылықты дамыту бастамасына қолдау білдіріп, Үкімет пен жергілікті әкімдік өндірістің уақтылы іске қосылуына барынша жағдай жасайтынын айтты.
Бұған дейін хабарланғандай, Президент АҚШ-та қазақ мәдениетін дәріптеп жүрген Смитсон институтына алғыс айтқан еді.