Ислам мәдениеті музейінің директоры Мұрат Әміржановтың айтуынша, музей жұмысының негізі мақсаты — ғылыми-ағартушылық, ғылыми-зерттеу, баға жетпес жәдігерлерді жинау және оны көпшілікке таныту.

— Бұл жайнамазды Бәбіш қажының анасы тігіп берген, осы жайнамазбен атамыз, ол Ақжар ауданы Үлкен Қараой төңірегінен, Омбы уезі арқылы үш рет қажылыққа барған. Бір рет жамағат болып, екі рет керуен басы болып барған. Ол кісіні бара жатқандар керуенбасы етіп тағайындаған, өйткені ол кісі Ислам қағидаларын толық меңгерген адам. Одан тараған ұрпақ музейге сыйлап, бұл қазір біздегі көне жәдігерлердің бірі, — дейді Мұрат Әміржанов.

Музей директорының айтуынша, Бәбіш қажының шын аты — Қабдырахман. Ол араб тілінде еркін сөйлеп, грамматикасын жетік меңгерген, сондай-ақ Құранның отыз парасын толық оқи алатын білімдар болған. Бәбіш қажының сапарларда пайдаланған жайнамазы, киелі мұра ретінде, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып сақталып келеді.

— Жайнамазды қазақтар қасиетті санап, аяқ астына тастамаған, әрдайым белден жоғары ұстаған. Өйткені Құранда белден төмен ұстауға болмайды деп жазылған хадис бар. Бұрын киіз үйлерде жел соғып, шаң басқандықтан да жоғары қойып, тазалығын қатты құрметтеген. Сол себепті де осы күнге дейін өте жақсы сақталып, жеткен, — дейді Әміржанов.

Бұған дейін Ұлттық кітапхана жаңа сирек қолжазбамен толыққанын жазған едік.