Бүгінде бірқатар әлеуметтік нысан — балабақшалар, мектептер, медициналық мекемелер жылуға қосылды. Бұл туралы «Петропавл жылу желілері» ЖШС хабарлады. Мамандардың айтуынша, үшінші күннен бастап көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беріледі. Қаланың күрделі жылу жүйесі барлығын бірден қосуға мүмкіндік бермейді, сол себепті толық қосылу процесі уақыт алмақ.
Осыған дейін жылу нысандарға тек жеке өтініштер бойынша қосылған.
Тұрғын үйлердің жылуға қосылуы кәсіпорынға ғана емес, сонымен қатар МИБ және ПИК жұмысына да байланысты болмақ.
Кесте бойынша ертең, 26 қыркүйекте 19 және 20 шағынаудандарға, «Борки» ауылы мен «Жеңіс» шағынауданына жылу беріледі. Кейін кезекпен «Береке» шағынауданы, теміржол вокзалы маңы, «Рабочий» кентіне және қалған аудандарға беріле бастайды.
Соңғы оныншы күні тоғыз және одан да көп қабатты, кері құбырда қысым реттегіш құрылғылары жоқ тұрғын үйлерге кезек жетпек.
Бұған дейін Энергетика министрлігі елімізде жылыту маусымына дайындық аяқталуға жақын екенін айтқан еді.