Өңірлік жедел жәрдем стансасы 23 қыркүйек күні күндізгі сағат үштерде Павлодар қаласындағы № 2 ЖЭО-дан шақырту түскенін хабарлады. Медициналық бригада оқиға орнына 9 минутта жеткен. Өкінішке қарай, зардап шеккен азамат дәрігерлер келгенге дейін көз жұмған.
Жұмысшының көз жұмғанын еңбек инспекторлары да растады.
— «Павлодарэнерго» АҚ-ның 2-ЖЭО аумағында «Екібастұз» ЖК қосалқы мердігерлік ұйымы қызметкері көз жұмды. Оқиға салдарынан 1992 жылы туған 4-санаттағы дәнекерлеуші ауыр жарақат алған. Қазіргі уақытта жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептерін, сондай-ақ еңбек қатынастарын анықтап жатырмыз, — деп хабарлады еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінен.
Мамандар қаза болған жұмысшының биіктіктен құлау дерегі анықталмағанын, оқиғаның мән-жайлары тергеп-тексеру барысында нақтыланатынын жеткізді.
Еске сала кетейік, Екібастұзда жұмысшы ток соғып, мерт болды.