БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында Франция, Люксембург, Мальта, Монако, Андорра, Сан-Марино және Бельгия Палестина мемлекетін ресми түрде таныды. Бұған дейін Канада, Австралия, Португалия және Ұлыбритания осындай шешім қабылдаған еді.
Қазіргі таңда Палестинаны БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің шамамен 160-ы мойындап отыр. Бұл әлем елдерінің 81 пайызына тең.
Сонымен бірге, Католик шіркеуінің жоғарғы органы – Ватикан да Палестинаға мемлекет мәртебесін беріп, БҰҰ жанында бақылаушы болды.
Палестинаның тәуелсіздігі алғаш рет 1988 жылғы 15 қарашада Алжирде Ясир Арафат тарапынан жарияланған. Алжир алғашқылардың бірі болып бұл мемлекетті мойындады. Кейін Африка, Азия, Латын Америкасы және ондаған араб елдері ресми тану жөнінде шешім қабылдады.
Ұлыбританияның қадамы ерекше назар аударды. Ел премьер-министрі Кир Стармер:
— Жақындап келе жатқан Таяу Шығыстағы қасіреттің алдында біз бейбітшілікке мүмкіндік қалдыру үшін және екі мемлекет құру негізіндегі шешімді сақтау үшін әрекет етеміз, — деді.
Al Jazeera арнасының бағалауынша, мұндай шешім Палестинаның халықаралық субъектілігін күшейтіп, елге толыққанды елшіліктер ашуға, сауда келісімдерін жасауға, халықаралық ұйымдарда қолдау табуға, сондай-ақ Халықаралық қылмыстық сотқа жүгінуге мүмкіндік береді.
Дегенмен сарапшылардың айтуынша, өзге мемлекеттердің тануы әскери іс-қимылды тоқтатпайды әрі Израильдің оккупациясын бірден жоя алмайды.
Ал Израиль бұл қадамды қатаң сынға алды. Елдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Дэнни Данон саммитті «цирк» деп атап, мұндай тану «терроризмді марапаттау» деді.
Премьер-министр Биньямин Нетаньяху да «палестиналық мемлекет ешқашан құрылмайды» деп мәлімдеді.
АҚШ дәстүрлі ұстанымын сақтап отыр. Вашингтон Палестинаны тек Израильмен келіссөздер арқылы «екі мемлекет» шешімі жүзеге асқан жағдайда ғана мойындайтынын бірнеше рет мәлімдеген.
Қазіргі уақытта Палестинаның БҰҰ-ға толық мүше болуы үшін Қауіпсіздік кеңесінің мақұлдауы қажет, ал АҚШ бұл бастаманы вето құқығы арқылы бөгеп келеді.
Кей елдер Палестинаны мойындамауын бейбіт келісімнің толық болмауымен түсіндіреді. Негізгі даулы мәселелер – болашақ шекаралар, Иерусалимнің мәртебесі және босқындардың тағдыры.
Бұған қоса, ел ішінде саяси бөлініс сақталған: Батыс жағалауды – ФАТХ, ал Газаны – ХАМАС бақылауда ұстап отыр.
2025 жылдың қыркүйегіне қарай Палестинаны мойындаған елдердің саны 160-қа жуықтады. Бұл жолғы қолдау толқыны халықаралық ландшафттағы өзгерістерді көрсетіп отыр: бұрын Палестинаға негізінен Азия, Африка және Латын Америкасы елдері қолдау танытса, бүгінде Еуропа және англосаксон әлемі елдері де қатарға қосылды.
Сарапшылардың пікірінше, бұл тану толқыны қақтығысты шешпесе де, Израильге қысымды күшейтіп, палестиналықтарға жаңа дипломатиялық мүмкіндіктер ашып отыр.
Сонымен қатар «екі мемлекет – екі халық үшін» қағидатын күн тәртібінде ұстауға септігін тигізеді.