Министрліктің мәлімдеуінше, бұл құжат — Газа секторындағы атысты тоқтатудың және бейбітшілікке қол жеткізудің кілті болып саналады.
Мәлімдемеде 22 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында Сауд Арабиясы мен Франция төрағалығымен өткен халықаралық конференцияның қорытындысы бойынша жарияланған бірлескен коммюнике құпталатыны айтылған.
— Конференцияға қатысып, палестин халқына қолдау білдірген, халықаралық құқық пен заңды халықаралық қарарларға бейілділігін көрсеткен, сондай-ақ Нью-Йорк декларациясын қабылдаған немесе Палестина мемлекетін мойындаған барлық елге алғысымызды білдіреміз, — делінген министрліктің мәлімдемесінде.
Сыртқы істер министрлігі барлық елді декларацияға «мейлінше тез» қол қойып, қабылдауға шақырды. Бұл қадам Газа секторында атысты бірден тоқтатуға, сондай-ақ 1967 жылы басып алынған барлық аумақта, соның ішінде Газа секторында да палестиндік мекемелердің саяси және құқықтық өкілеттіктерін жүзеге асыруына жол ашатыны атап өтілді.
Франция, Ұлыбритания, Португалия, Аустралия және Канада — жуырда Палестина мемлекетін мойындап, «екі халыққа — екі мемлекет» шешімін қолдаған Батыс елдерінің қатарына енді.
Палестинаның Сыртқы істер министрлігі бұл декларацияны Израильдің Газадағы әскери операциялары мен палестин жерлерін аннексиялау әрекеттеріне қарсы тұру үшін аса қажет құжат деп бағалады. Бұл әрекеттерге халықаралық қауымдастықтың тарапынан сын күшейіп келе жатқанына қарамастан, олар жалғасып жатқаны атап өтілді.
Бұдан бұрын Франция мен Сауд Арабиясы Палестина мемлекетін мойындату үшін БҰҰ-да саммит өткізуге шақырғанын жазған едік.
Сонымен қатар Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында палестина-израиль қақтығысы мәселесін көтерді. Ердоған әлемді Палестинаны мойындауға шақырды.
Ал Индонезия Президенті Прабово Субианто БҰҰ Бас Ассамблеясында елінің Газаға бітімгершілік күштерін жіберуге дайын екенін айтты.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясындағы Жалпы дебатта сөйлеген сөзінде Газадағы гуманитарлық дағдарыстың ауқымы кеңейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.