Былтыр қыркүйектен биыл тамызға дейін Қазақстан Өзбекстанға астық экспортын 34,4 пайызға арттырды. Яғни, қамтылып отырған аралықта ресми Астана Ташкентке 3,7 млн тонна өнім жеткізілді.

— Әр өзбек отбасының дастарханындағы нан Қазақстанның сапалы бидайынан жасалған. Себебі көрші елдің астығы брендке айналды. Ірі нан өндірушілерден бастап үй шаруасындағы әйелдерге дейін сапалы өнімді тұтынады. Биыл конференцияға Қазақстаннан 150-ге жуық ірі өндіруші келді. Біз олармен келісімдер жасап, алдағы жұмыс барысын талқылап жатырмыз. Қазіргі уақытта Өзбекстанда қазақстандық бидай мен май өнімдеріне деген сұраныс артып келеді, — деді конференцияны ұйымдастырушы, өзбекстандық астық тасымалдау компаниясының басшысы Алишер Махмудов.

Іс-шараға қатысқан кәсіпкерлер Дүниежүзілік банк жүргізген зерттеулердің маңызына тоқталып, соған сай келешек серіктестіктің бағытын анықтауға тырысты. Мәселен, 2050 жылға қарай Орталық Азия елдерінің май өнімдеріне деген жылдық сұранысын жабу үшін қосымша 1 млн тонна қажет.
— Климаттық ерекшеліктерге байланысты Өзбекстан өзін май өнімдерімен қамтамасыз ете алмайды. Тиісінше, импортқа тәуелді. Біз осы мүмкіндікті пайдаланып, өнімдерімізді Өзбекстанға экспорттаймыз. Негізінен шемішке майы мен малға берілетін жоғары сұрыпты қоспаларды көршілес елдің нарғына шығарамыз. Жалпы, былтыр Қазақстан Орталық Азия елдеріне 750 мың тонна май өнімін сатты. Алдағы уақытта бұл көлемді ұлғайту жоспарланып отыр, — деді Қазақстан май өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Андрей Антонов.

Қазақстандық өндірушілер үшін тағы бір тиімді нарық — Ауғанстан. Сәйкесінше, кәсіпкерлер бұл елге бидай мен май өнімдерінің экспортын арттыру мәселесін талқылап жатыр.
Еске салайық, алғашқы жартыжылдықта Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2,2 млрд доллардан асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 296 млн долларға көп. Қамтылып отырған кезеңде ресми Ташкент Астанаға 676,4 млн доллардың тауарын экспорттап, 1,5 млрд доллардан астам сомаға өнім импорттаған.