Ұлттық статистика комитетінің ақпаратына сай, қаңтар-тамыз аралығында Өзбекстан 8,42 млрд доллардың алтынын шет елдердің нарығына шығарды. 2024 жылдың сегіз айымен салыстырғанда бұл 68,9 пайызға көп.
Әсіресе, көршілес мемлекет сәуірде алтын экспортын екі еселеді. Яғни, ол айда Өзбекстан қымбат металл саудасынан 1,91 млрд доллар пайда тапты.
Қаңтар-тамыз аралығында ресми Ташкенттің жалпы экспорты 22,9 млрд доллар болса, соның 35 пайыздан астамы алтын саудасынан түскен кіріске тиесілі.
Айта кетейік, бұл уақытқа дейін ең жоғары көрсеткіш 2023 жылы тіркелді. Ол кезеңде алтын экспорты есебінен ел экономикасы 8,15 млрд долларға толыққан еді.
Еске салсақ, биыл маусымда Өзбекстанның халықаралық резервтері мен алтын-валюта қоры 1,1 млрд долларға қысқарды. 1 шілдедегі мәліметке сай, Орталық банктің резервіндегі активтердің жалпы құны 48,5 млрд долларға бағаланған. Ал мамырдың қорытындысы бойынша көршілес елдің алтын-валюта қоры 49,6 млрд доллар болған еді.