Dpa агенттігінің хабарлауынша, Италияда ондаған мың адам Палестинаны қолдау үшін көшеге шықты. Милан қаласында митинг кезінде полициямен қақтығыстар болып, кемінде 60 полиция қызметкері жараланды, олардың 23-і ауруханаға жеткізілген. Акцияға қатысушылар арасындағы зардап шеккендер туралы мәлімет әзірге жоқ.
Жаппай тәртіпсіздіктер Газа секторындағы халықпен ынтымақтастық ретінде ұйымдастырылған ұлттық ереуіл аясында өткен митингтен кейін басталған. Куәгерлердің айтуынша, наразы топ Миланның басты теміржол вокзалына күштеп кіруге тырысқан.
Сондай-ақ, dpa агенттігі митингіге қатысқандар арасында тас лақтырғандар болғанын хабарлайды. Полиция оларға қарсы көз жасаурататын газ қолданған.
Италия премьер-министрі Джорджа Мелони тәртіпсіздікке қатысқандарды сынға алды.
— Зорлық пен қиратулар — бұл шынайы ынтымақтастыққа еш қатысы жоқ әрекеттер. Олар Газадағы адамдардың өмірін еш өзгерте алмайды, — деп жазды үкімет басшысы X әлеуметтік желісінде.
Indegne le immagini che arrivano da Milano: sedicenti “pro-pal”, sedicenti “antifa”, sedicenti “pacifisti” che devastano la stazione e generano scontri con le Forze dell’Ordine.
Violenze e distruzioni che nulla hanno a che vedere con la solidarietà e che non cambieranno di una… pic.twitter.com/dpurnN5CBM
— Giorgia Meloni (@GiorgiaMeloni) September 22, 2025
Мұндай ауқымды наразылықтар Италияның басқа қалаларында да өтіп жатыр. Бұл оқиғалар БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысымен тұспа-тұс келіп отыр.
Айта кетейік, БҰҰ Бас Ассамблеясында Ұйымның 80 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.
Франция президенті Эмманюэль Макрон Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында сөйлеп, өз елінің Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайтынын жариялады.
Сонымен қатар Ұлыбритания, Канада, Аустралия және Португалия Палестинаны мойындағанын жария еткен еді. Бүгін оларға Бельгия, Люксембург, Мальта, Сан-Марино және Андорра қосылады.
Бұдан бұрын ассамблеяда сөз сөйлеген БҰҰ Бас хатшысы Таяу Шығыстағы жағдай төзгісіз және сағат санап нашарлап бара жатқанын айтты.