Экологтың айтуынша, елімізде мемлекеттік стандарт бекітілмейінше, декоративтік өсімдіктерді өсіруде нәтижеге жету қиын.
Дархан Сүндетқалиұлының сөзіне қарағанда, стандарт талаптарын ескермей, мемлекет қаржысын көгалдандыруға жұмсау қып-қызыл шығын.
— Ең әуелі отырғызылатын ағаштың сапасын тексеріп алу керек. Бекітілген стандарттың жоқтығы декоративтік өсімдіктердің сапасына сараптама жасауға мүмкіндік бермейді. Мәселенің маңызды бір ұшы осында, — дейді Д. Сариев.
Оның айтуынша, сапасыз ағаштардың егілетініне мысалды көптеп келтіруге болады. Мысалы, Петропавл қаласынан эколог Артур Рязапов жолдаған бейнежазбада көшеттің сапасыз екені көрініп тұр.
Сол себепті ағаштар қисық болып өседі немесе қурап қалады. Қаражат та босқа шығындалады. Бұл Қазақстанның барлық қалаларына ортақ жайт деуге болады.
— Көгалдандыру бойынша мемлекеттік стандартты ресми түрде бекітіп, оны міндетті түрде қолданған кезде мұндай берекесіздікке жол бермеуге болады. Жол бойында қып-қысқа немесе бұтақтары жоқ сопиып тұрған, сондай-ақ қисық ағаштарды жиі көреміз. Қатты жел соққан уақытта мұндай тал-теректер тамырымен жұлынып қалады. Күтім болғанның өзінде ғұмыры ұзаққа бармауы мүмкін. Міне, біз осы мәселені барынша түсіндіріп, мемлекеттік стандарт керектігін айтып келеміз. Кеңестік дәуір кезінде қолданылған стандарттарды да негізге алуға болады, — дейді эколог.
▶» allow=»accelerometer; autoplay; encrypted-media; gyroscope; picture-in-picture» allowfullscreen=»allowfullscreen»>
Оның пайымдауынша, егер мемлекеттік стандарт болса, қала мен аудандардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері тапсырыс бергенде, көшеттердің сапасы мен жай-күйіне назар аударып, тексеріп алар еді.
Мемлекеттік стандарт жеке көгалдандырумен айналысатындар үшін де керек. Айталық, бау-бақша орталығы шетелдік тәлімбақтан көшеттерді сатып алды делік.
Келісімшартта тауар қабылдаған кезде сапасыз болып шықса, оны сарапшы ұйымға беріп, кемшіліктерін көрсетіп, қорытынды жасалатыны жазылады.
— Қысқасы, мемлекеттік стандарт болмаса, сараптама да жасалынбайды. Сондықтан мүдделі органдар өкілдерін қатыстыра отырып, Астанада бұл мәселені түбегейлі талқылап, нақты шешімге келген жөн, — деп түйіндеді сөзін Д. Сариев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда егілген миллиондаған ағаш неге жерсінбей қурап кететінін жазған едік.
Сондай-ақ эколог әр қалада көлемі 30 гектар бір парк салынса, артық болмайтыны жөнінде пікір білдірді.