Заң жобасы бойынша негізгі баяндама жасаған Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, аталған келісімге Мемлекет басшылары 2023 жылдың қазан айында қол қойған.
— Орталықты құруға ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қаржылық барлау бөлімшелерінің басшылары бастамашылық жасады. Келісім тәуекелдерді бағалайтын халықаралық орталық құруды көздейді. Ресей тарабы оның операторы және үйлестірушісі болады. Орталық қорғалған ақпараттық жүйе ретінде жұмыс істеп, ТМД елдерінің қаржылық барлау органдары арасында тиімді өзара іс-қимылды, ортақ ақпараттық ресурс құруды және тәуекелдерді ұлттықтан жоғары деңгейде бағалауды қамтамасыз етеді. Орталықтың маңызды міндеттерінің бірі ақшаның транзиттік қозғалысын, активтердің орналасуын, сондай-ақ алаяқтық, бюджет қаражатын жымқыру, салық қылмыстары мен сыбайлас жемқорлық бойынша мәлімет алмасуды қоса алғанда трансшекаралық қылмыстық топтардың қызметін талдау болып саналады, — деді ол.
Оның атап өтуінше, орталық қызметі трансшекара схемаларын анықтау, жолын кесуді арттыруға, ТМД арасында ынтымақтастықты нығайтуға, қаржылық барлау органдары арасында жедел ақпарат алмасуға, заңсыз шығарылған қаражатты қайтаруға ықпал етеді.
Бүгінде келісімді Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан ратификациялады.
Айта кетейік, өткен аптада Мәжіліс ең төменгі жалақыны белгілеу туралы заңды қабылдады.