— Мен 1948 жылғы туғанмын. Өзім жас кезімнен спортты жақсы көремін. Әкем соғыстан оралған соң, бізді атқа жиі мінгізетін. Мен кіп-кішкентай болсам да, атта еркін шауып, ер бала секілді шымыр болып өстім. Құрдастарыммен ойнап, төбелесетін едік. Сол кезде олардың бәрін жеңіп тастайтынмын. Техникумда оқыған кезімде гимнастикаға қатыстым. Елде ветеринария саласын оқыдым. Зоотехник те еркектің жұмысы ғой. Атты да, тракторды да тізгіндедім. Солай мықты болып өстім, — дейді студия қонағы.
Кәуия апа Астанаға қоныс аударған балаларына еріп келген. Қария елордаға көшкен соң төрт қабырғада қамалып отыра алмағанын айтады.
— Балаларым елордаға көшкен соң, біз де артынан келдік. Малдың соңында жүгіріп, от жағып, ауыр тірліктің бәрін істеп үйренгенмін. Ал мұнда ондай жұмыс жоқ болған соң, құр жатпай ауладағы спорттық алаңқайға барып, спортпен шұғылдана бастадым. Сол кездері бір жазда бір қыз: «Апа, сізді түсіріп алуға бола ма?» деді. Мен келісімімді бердім. Басында «Анасына апарып, мені көрсеткісі келген болар» деп ойладым. Сөйтсем, ол қыз журналист екен. Міне, сол 72 жасымнан бері жұлдыз болдым, — дейді Кәуия Омарова.
Бастапқыда спорттық алаңқайда жаттығып жүрген ол кейін арнайы фитнес орталыққа барып, дене шынықтыра бастапты.
— Биыл фитнес клубқа бармай жүрген едім. Бір күні қызым спорт залына бір айға абонемент ұтып алып, «Менің уақытым жоқ, сіз барыңыз, жақсы көресіз ғой» деп маған берді. Содан бері залға барып жүрмін. Залда жаттыққан қатты ұнайды. Кейде 1-2 күн бара алмай қаламын, әйтпесе күнде барып, үш сағат жаттығу жасаймын. 1 сағат ауыр темір көтеремін, 1 сағат созылу жаттығуларын жасаймын, 45 минут жүземін, — дейді ол.
Студия қонағы жүзумен бала күнінен айналысады екен.
— Туған жерім — Петропавл облысы, Ақжар ауданы, Восход ауылы. Онда кішкентай көл болатын. Бізге сиса сөйлекті тігіп беріп, сонымен суға түсіп, жүзуді үйрендік. Сол әдетіммен қазір де бассейнге күмп беріп, жүзіп кетемін. 25 келілік зілтемірді көтеремін. 10-15 келіні мүлде сезбеймін. Жаңа келгендерге ол оңай емес қой. Көргендер таңырқап: «Апа, сіз неше жастасыз?» деп сұрайды. Қазір менен жасы кіші әйелдер де көбейіп жатыр. Оған қоса, орыс халқы өз денсаулығына жақсы қарайды, ал қазақтарды залдан сирек кездестіресің, — дейді қария.
Кәуия апа өзінің күн тәртібін тізіп берді.
— Таңертең ерте тұрамын да, сағат 11-ге дейін спорт залына барып келемін. Таңертең жылы суға бір қасық бал қосып ішемін. Егер 1-2 күн жаттығу жасамай қалсам, денем кәдімгідей ауырлап, спортты іздеймін. Қазір 4 шөберем, 7 немерем бар. Немерелерімнің сабағын қадағалаймын, бірақ өзіме де уақыт табамын. Үйде жата берсең, көрінген нәрсені көңіліңе ала бересің, — дейді студия қонағы.
Салауатты өмір салтын өзіне серік еткен әже өмірлік ұстанымдарын да айтып берді.
— Адам өз-өзіне қарауы керек. Денсаулық ойнайтын дүние емес. Спортпен шұғылданбай жата берсең, ауырып, тез қартаясың. Ал спортпен айналыссаң, көңілің ашылады, қуатың артады, денсаулығың жақсарады. 60-тан асып, зейнетке шыққан соң, денсаулыққа ерекше қарау қажет, — дейді ол.
Айта кетейік, «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарында БҚО құрамасы алғаш рет үздік үштікке ілікті.