Олардың қатарында континенттегі ең жүктемелі әуежай — Лондондағы Хитроу бар. Бұл жағдай сенбі күні кейбір рейстің кешігуіне және тоқтатылуына алып келді
Еуропалық БАҚ мәліметінше, әлем бойынша көптеген әуежай мен әуекомпанияға жүйелерін ұсынатын Collins Aerospace компаниясы техникалық ақауға ұшыраған. Бұл жолаушылардың ұшу уақытында кідірістерге себеп болуы мүмкін.
Аталған оқиғадан Брюссель, Берлин және Лондон әуежайлары зардап шекті. Бірнеше сағаттан кейін Дублин әуежайы да бұл мәселенің өз жұмысына аздап әсер еткенін хабарлады. Ирландиядағы екінші ірі әуежай — Корк әуежайы да осындай жағдайға тап болған.
Cirium авиациялық деректер компаниясының мәліметінше, Хитроу, Берлин және Брюссель әуежайларында жалпы 29 рейс (ұшу және келу) тоқтатылған. Сенбіге Хитроудан 651 рейс, Брюссельден 228, Берлиннен 226 ұшу жоспарланған еді.
Бұл оқиға — бүкіл әлемдегі үкіметтер мен компанияларға бағытталған күрделі кибершабуылдар мен бопсалаушы бағдарламалардың соңғы мысалы. Мұндай шабуылдар денсаулық сақтау, қорғаныс, бөлшек сауда және автокөлік өндірісі сияқты салаларды да қамтып отыр. Жақында Jaguar Land Rover автокөлік компаниясында болған ақау өндірістің толық тоқтап қалуына алып келген болатын.
Бұдан бұрын 28 шілдеде Silent Crow және «Киберпартизаны BY» топтары ресейлік «Аэрофлоттың» корпоративтік желісіне кең ауқымды шабуыл жасағаны белгілі болды. Хакерлердің мәліметіне қарағанда, таңертең Шереметьево, Мелькисарово кеңселеріндегі және компанияның деректер орталықтарындағы 7 мыңнан астам сервер мен жұмыс станциялары жойылған.