Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, басты мақсат – ауыл шаруашылығы өкілдерін алдын ала қаржыландыру. Бұл жаңа ауыл шаруашылығы маусымына тиянақты дайындалуға, жанар-жағармайды қолайлы бағамен сатып алуға, тыңайтқыш алуға, техниканы жөндеуден өткізуге және қажетті тұқым қорын қалыптастыруға жол ашады.
Дәл осы кезеңдегі қаржылай қолдау егіс науқанын табысты өткізу үшін шешуші фактор саналады. Ерте қаржыландыру тетігі 2024 жылдың қараша айының соңында іске қосылып, бірден жоғары сұранысқа ие болды.
Бағдарлама шеңберінде жылдық 5% жеңілдетілген сыйақы мөлшерлемесі ұсынылады. Осы орайда, кепіл мүлік мәселелесін шешудің де тіиім жолы қарастырылған. Яғни, қажет болған жағдайда, қарыз сомасының 85%-ына дейін «Даму» қорының кепілдігімен қамтылуы мүмкін.
Қаржыландыру республика бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның ауқымды филиалдық желісі және серіктес қаржы институттары арқылы жүзеге асырылады. Жүйелі жұмыс қолдау көлемінің тұрақты өсуін қамтамасыз етіп отыр.
Егер 2022 жылы «Кең дала» бағдарламасына 140 млрд теңге бөлінген болса, биыл 700 млрд теңге жоспарланған. Оның 500 млрд теңгеден астамы қазірдің өзінде игерілді. Бұл аграрлық саланы қолдаудың жүйелі қадамдары жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді.
«Кең дала 2» бағдарламасына қатысуға өтінім беру үшін сала өкілдері «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның аймақтық филиалдарына жүгіне алады. Толық ақпаратты Agrocredit.kz сайтынан және Call-орталықтың байланыс нөмірлері бойынша алуға болады.
Айта кетейік, Қызылорда облысында күріш жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Өнімділіктің артуына диқандардың еңбегі мен жаңа технологиялар ықпал етсе, оны тұрақты ету үшін көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстары «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары арқылы жеңілдетілген 5 пайызбен қаржыландырылып отыр.
Қазақстанда 12,7 млн тонна астық бастырылды.