— Келесі жылдан бастап қолданысқа енетін Салық кодексі бойынша, салық берешегін сараланған тәсілмен қайтару тәртібі енгізіледі. Салық берешегі 20 айлық есептік көрсеткіштен (86 500 теңгеден) төмен азаматтарға өсімпұл есептеліп, ескертпе жіберіледі. Ал 20 АЕК-тен 45 АЕК-ке (194 625 теңгеге) дейінгі аралықтағы берешегі барларға өсімпұлмен бірге хабарлама жіберіледі. 20 АЕК-ке дейінгілерге ескертпе барса, бұларға хабарлама жолданады. Хабарлама барғаннан кейін берешекті қайтаруға 10 күн беріледі. Осы 10 күннің ішінде берешек төленбесе, есепшоты мен кассалық шығыс операциялар тоқтатылып, инкассалық үкім қойылады, — деді ол.
Ал салық берешегі 45 АЕК-тен асса, жоғарыда аталған шаралардан бөлек мүлкін тәркілеу, оны сату, дебиторлармен жұмыс істеу, ең аяғында банкрот деп тануға дейінгі жазалар қолданылады.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында салық берешегі барлардың банктегі есепшотын толық бұғаттамауды тапсырған болатын.
— Берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн. Жоспарға сай тексеру тәсілінен біржола бас тартуға тырысу керек, — деген еді Президент.